АЛМАТЫ, 3 сәуір – Sputnik. Саясаттанушылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Мәскеуде дұрыс қарсы алмады деп желіде шулаған қазақстандықтардың сынына қатысты пікір білдірді.
Әлеуметтік желілерде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге ресми сапары қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларын ресми Мәскеудің Қазақстан президентін қалай қарсы алғаны қынжылтқан.
"Ресейдің президенті де, сыртқы істер министрі де қарсы алмаған, бұл не сұмдық" деп байбаламға салғандары да бар арасында. Алайда көзі қарақты мамандар желіде оның жөнін түсіндіріп те үлгеріпті. Айтуларынша, бәрі хаттама бойынша дұрыс жасалған.
Фейсбук қолданушысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, Тоқаевты қарсы алған кезде РФ СІМ вице-министрі Александр Панкин болған, тек шенеунік желіде бастапқыда жарияланған суреттерде көрінбегендіктен осындай түсінбестік туды.
"Ресейлік басылымдарды көзім шалып қалды. Ұшақ трапында РФ СІМ вице-министрі Александр Панкин де болған екен. Демек, бәрі хаттама бойынша, сапар мемлекеттік емес, ресми", - деп жазды ол.
Бұл мәліметті саясаттанушы Асқар Нұрша да желідегі жазбасында растаған.
"Шуламаңыздар, бәрі де хаттама бойынша осылай болуы тиіс. Әлде президентті РФ СІМ басшысы С.Лавров немесе В.Путиннің өзі қарсы алсын дейсіздер ме? Қайта керісінше болған жағдайда жаңа президентке хаттамадан тыс құрметтің көрсетілуі мені ойлантып тастар еді.
Ал, негізінде, басында ресейлік журналистер, одан соң қазақстандық журналистер асығып, бұл ақпарат ішінде ресейлік сыртқы істер министрінің орынбасарын көрсетуді ұмытып кеткен. Бар гәп содан туған", - дейді саясаттанушы.