АЛМАТЫ, 3 сәуір – Sputnik. Әнші Нұрлан Абдуллиннің бейнебаяндарында эротикалық кадрлар жиі кездеседі. Ондай клиптеріне +16 таңбасын қоюды да ұмытпайды. Бұдан бөлек ол бірқатар отандық киноға түскен. Көбісі махаббат желісіне құрылған. Актердің өнердегі серілігіне өмірдегі жары қалай қарайды? Бұл сауалға әнші "Ережесіз әңгіме" телебағдарламасында жауап берді.
Оның айтуынша, әйелі мұның бәрінен хабардар, бірақ оны ашық талқыға салмайды екен.
Ол бейнебаян да, кино да өмірге қатысы жоқ басқа нәрсе екенін айтады.
"Мен үшін отбасыдан үлкен құндылық жоқ. Оны әйелім жақсы біледі, сондықтан маған сенеді", - дейді ол.
Сондай-ақ Абдуллин ұяттау кадрларда неге бой көрсетіп қалатынын да түсіндіріп өтті.
"Кез келген әншінің немесе адамның жүріп тұрған дәурені, кезеңі болады. Өрлеу дейміз ғой. Осындай кезде жақсы деп жасаған жұмысыңнан біреу жамандық көріп қалып жатады. Немесе керісінше ұялып жасаған жұмысыңнан көбісі жақсылық тауып жатады. Сондықтан халыққа кез келген жанрда өнерімді тарту еткім келеді. Әмбебап болсам деймін. Өз басым вальсті жақсы көремін. Шәмшінің әндері байқауына 3-4 рет қатысқан екенмін. Ал вальс болған соң клипте қызды құшақтайсың ғой", - дейді ол.
Айта кетсек, Нұрлан Абдуллин бертінге дейін өзінің отбасы барын жасырып келген. Тек былтыр қызы дүниеге келіп, дүркіретіп той жасағанда онысы әшкере болған еді. Жұбайының есімі - Гүлфарида. Бір жастан асқан қызының есімі – Шахназ.