АЛМАТЫ – 3 сәуір, Sputnik. Алматының кейбір көше қиылыстарында бағдаршамдар жаңаланып, басқаша орнатылып жатыр. Бұл туралы қаланың мобильді басқармасындағылар айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жаңа бағдаршамдар бюджет қаражатын үнемдеу және қала реңкін өзгерту мақсатында орнатылып жатыр. Онда да бұл әзірге сынақ түрінде қолға алынған. Алғашқы болып Назарбаев пен Абылайхан көшелеріндегі бағдаршам мен жол белгілері ауыстырылған.
Мұны қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов та растады. Оның айтуынша, аспандап тұратын бағдаршам орнатылған зор конструкция қала сәнін бұзады. Бұдан шет мемлекеттер әлдеқашан бас тартқан екен.
"Ондайлар шетелде көбіне қала сыртындағы автобандарда қолданылады. Оның үстіне біздегі көшелердің арасы жақын, әрі кетсе 200 метр, ондай биіктікті қажет етпейді де. Сондықтан бағдаршамдарды жаңалап жатырмыз. Ол сән әрі қолайлылық үшін жасалуда", - дейді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.
Оның айтуынша, бағдаршамдар қайта жөндеуден өткен көшелерге орнатылуда. Мысалы, бастапқыда Панфилов көшесі нысанға алыныпты.
"Біз бұл арада, ең бірінші, жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болғанына мән беріп жатырмыз. Қалада көліктерден гөрі, жаяу жүргіншілердің жағдайына сай инфрақұрылымдарды өрістетуіміз керек. Мысалы, Лондонда біздегідей үлкен бағдаршам конструкциялары жоқ. Барлығы шағын жеңіл көлік жүргізушісінің ыңғайына қарай жасалған", - дейді бас архитектор.
"Бізде бір көше қилысында кейде 8 бағдаршам тұрады. Жаяу жүргіншіге бір бөлек, көліктерге бір бөлек. Әр 200 метр сайын солай. Бұл өте тиімсіз нәрсе. Мысалы, бағдаршамда үш шам бар, олар жанып кетеді, ауыстыру керек, оның үстіне энергия шығыны бар дегендей. Осы мәселелерді шешу үшін көше қилыстарындағы жол белгілерін әмбебап қылған жөн", - дейді ол.
Оның үстіне жаңадан орнатылып жатқан бағдаршамдар отандық өнім екен.