НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен марқұм Денис Теннің көлігінің бір жерде тоналуы жай ғана сәйкестік. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осындай пікірде, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тұрғымбаев қазір көлік тоналған маңда жасақ күшейтілгенін атап өтті. Сондай-ақ, қазір тәртіп сақшылары автокөлік айналарын өткізетін орындарда рейд жүргізуде.
"Заңсыз жұмыс істеген базарлардың бәрі жабылды. Қазір, негізінен, зауытта дайындалған бөлшектерді сатып жатыр. Ал ұрланған бөлшектердің сатылуы полицейлердің қатаң бақылауында", - деп сендірді Тұрғымбаев.
Ол Алматы үлкен мегаполис болғандықтан, қаскөйлерді еліктіретін, арбайтын дүние көп екенін айтты.
"Ірі қалаларда ақша да көп, банктер, базарлар бар. Барлық алаяқ жеңіл жолмен байып, пайдаға кенелгісі келеді. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында "Сергек" камераларының көмегімен заң бұзушылықтың 70 процентке жуығы анықталады. Болашақта біз бұл жүйені кеңейтеміз, Нұр-Сұлтан мен Алматы техникалық жағынан дайын", - деді министр.
Сондай-ақ, журналистер Тұрғымбаевтан белгілі спортшылардың көлігінің тоналуына жол бергені үшін Алматы полиция департаментінің басшысы жауапқа тартыла ма деп сұрады.
Еске сала кетсек, жақында Алматыда Абылайхан – Құрманғазы – Байсейітова көшелері қиылысқан ауданда Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасы ұрланды. Спортшы бір жыл бұрын Денис Тенді өлтіріп кеткен жерге жақын маңдағы дәмханаға достарымен кездесуге барған. Дәмханадан шыққанда, Toyota Land Cruiser көлігінің айнасы жоқ болған. Ол бірден полицияға хабар берген. Көліктің айнасы шамамен 400 мың теңге тұратын көрінеді.