НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз — Sputnik. Елордадағы танымал ғимараттардың бірі – "Мәңгілік ел" қақпасын жөндеуге 600 миллион теңге қаражат керек.
"Нысан жауын-шашын мен еріген қар суының астында қалады. Бұл мәселеге бей-жай қарамау керек",- деді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов мәслихаттың кезекті сессиясында.
Оның айтуынша, бұл маңдағы жерасты жолын салу жұмысы өте сапасыз жүргізілген.
"Жыл сайынғы жөндеу жұмысы бұл кемшілікті жоя алмайды. Толықтай жөндеу жүргізуге шамамен 600 миллион теңге қажет", - деді Нүркенов.
Елордалық депутат Сергей Солодовников болса, мәселе мұнымен бітпейді деп отыр. Ғимаратта су оқшаулау жүйесі де дұрыс жасалмаған.
Мәслихат депутатының ойынша, нысанның жарамсыз болып қалуына жол салу ережелерінің сақталмауы себеп болған. Салдарынан жерасты жолына еріген қар суы жиналады.
Тағы оқыңыз: Астанадағы жаңа монумент қандай болады
"Биылғы жауын-шашын мен еріген қардан соң ғимараттың жағдайы мүлдем бұзылады. Олқылықты жою үшін қақпаның маңындағы жолды қайта жөндеу керек", - деді астаналық депутат.
Нысан елордадағы Мәңгілік ел даңғылында орналасқан. Идея авторы – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қақпа 2011 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ашылды.