НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз — Sputnik. Атырау әуежайында полиция қызметкері абайсызда әйел адамның аяғынан оқ атқан, деп хабарлайды жергілікті Ақжайық басылымы.
29 наурыз күні сағат 16.30 кезінде жолаушылар терминалында атылған оқ үні шықты. Болжам бойынша, полицияның желілік бөлімінің қызметкері табельдік қаруын тексермек болып, байқаусызда шүріппені басып жіберіпті.
Атылған оқ күту залында отырған Атырау тұрғынының аяғына тиген. Жас әйел әуежайға Нұр- Сұлтаннан келе жатқан туыстарын қарсы алуға барған екен.
Зардап шегуші облыстық ауруханаға жеткізілді. Полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.