НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Мәскеуде такси жүргізушісі жолаушыға дәрі қосылған шырын беріп, заттарын ұрлады, деп хабарлайды РИА Новости.
"З наурыз күні түнгі 01.00 мен таңғы сағат 05.00 аралығында такси жүргізушісі жолаушыға дәрі қосылған сусын берді. Ер адамның жалпы сомасы 108 мың рубль (635 мың теңгеге жуық) болатын жеке заттары ұрланды", делінген мәскеулік полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
Жүргізуші ер адамның ұялы телефоны, сағаты мен алтын сақинасын қолды етіп, ізін суытқан. Біраздан соң есін жиған жолаушы заттарының ұрланғанын байқайды. Алайда оларды іздеуге бірден кірісе алмапты. Дәріден уланып, ауруханаға жеткізілген.
Материалдық залал сомасы 108 мың рубльге бағаланып отыр. Ресейдің қылмыстық кодексінің "тонау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оңай жолмен пайда таппақ болған такси жүргізушісі кеше, 27 наурыз күні ұсталды.