АСТАНА, 23 наурыз — Sputnik. Халықаралық кәсіби музыкалық BraVo сыйлығын табыстау рәсімі Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында өтті. Оны отандық театрдың белгілі әншісі, "Үлкен опера" телевизиялық байқауының жеңімпазы Салтанат Ахметова алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бұл театр үшін зор құрмет деп ойлаймын. Анджела Георгиу мен Монтсеррат Марти-и-Кабалье сынды аты аңызға айналған орындаушылармен бір сахнада өнер көрсету мен үшін абырой", - деді Салтанат Ахметова.
Әншінің айтуынша, небәрі бес жыл бұрын ашылған "Астана Опера" театры репертуар қалыптастырып, атақты режиссерлермен тығыз байланыс орнатып үлгерген. Сондай-ақ театрдың сахнасы түрлі заманауи әдістерді қолдануға мүмкіндік береді.
"6-7 сәуір күндері Джоакино Россинидің "Жібек саты" операсының премьерасы болады. Мен Джулия партиясын орындаймын. Бұл операның меццо-сопрано нұсқасы әлдеқайда белгілі болғанына қарамастан, біз сопрано партиясында орындауды ұйғардық",- деді әнші.
BraVo сыйлығына Данэлия Төлешова да ұсынылған болатын. Белгілі әнші жас орындаушыны ерекше дарын иесі деп бағалайтынын атап өтті.
"Данэлия білікті педагогтармен жұмыс істейді. Алайда ол есейіп келеді, біртіндеп даусы өзгеруі мүмкін. Ата-анасы мен тәжірибелі мамандар қолдауының арқасында бұл кезеңнен оңай өтеді деп сенемін", - деді халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Ахметова.
BraVo сыйлығының ресми ақпараттық агенттігі - "Россия сегодня", ал Sputnik - халықаралық ақпараттық серіктесі.