АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан азаматтарын бюджеттің ақшасына шетелде ем қабылдауға жіберуге үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Мұрат Теміржанов әлеуметтік желілерде емге ақша жинап, көмек сұрайтындардың мәселесін көтерді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов шетелде емделу процедурасы заңнамалық тұрғыда реттелгенін атап өтті.
"Оны қайта қарауға қажеттілік көріп отырған жоқпыз. Мен қалаған адамдардың барлығын бюджет қаражатына шетелге емделуге жіберуге үзілді-кесілді қарсымын. Олай жасасақ, отандық денсаулық сақтау саласының дамуына мүмкіндік бермейміз. Көмекке мұқтаждардың барлығын шетелге жіберу ақылға қонымсыз және ешбір елде мұндай тәжірибе жоқ", - деді министр.
Сонымен қатар, ведомство басшысы әлеуметтік желілерді ұдайы бақылап отыратынын айтты. Бұған қоса, министрлікте желілерге мониторинг жасайтын арнайы топ бар.
"Егер пациент міндетті түрде шетелде емделуі тиіс санатқа жатса, біз онымен байланысқа шығып, бұл процедураны өзіміз ұйымдастырамыз. Тағы бір мәрте айтқым келеді, біз шетелде ем алғысы келетіндерді емес, Қазақстанда емделмейтін аурулармен ауыратын пациенттерді ғана шетелге жібереміз", - деді Біртанов.