АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Синоптиктердің болжамынша, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарында өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"18-20 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарында қар еріп, мұз қабаты сөгіліп, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін", - деп ескертті "Қазгидромет" синоптиктері.
Айта кетсек, бұған дейін ішкі істер министрлігі республика облыстары су тасқынына әлі толық дайын емес екенін хабарлаған болатын. Сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов биыл елімізде 505 елді мекенді су басуы мүмкін екенін айтқан еді. Негізінен олар Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.