АСТАНА, 15 наурыз – Sputnік. Алматы тұрғыны көлік алмақшы болған 3 миллион теңгесін Астанада лотоға салып жіберді. Тіпті, кері қайтуға ақшасы қалмапты.
Амалы таусылған 33 жастағы жігіт "Астана" арнасына хабарласып, көмек сұраған.
"Қалай бүкіл ақшамды ұтылып қалғанымды білмеймін. Көлік аламын деген қаражат болатын. Олар маған тиісті 10 пайыз өтемақыны қайтаруын талап еттім. Нәтиже жоқ. Тек әкімші келіп өз ережесін айтып, қайта кетіп қалады", - дейді Нұрдүн Қожамбердиев.
Клуб әкімшілігі ұтылған соманың 10 пайызы қайтарылу керегін жоққа шығармайды. Бірақ, бұл ереже тек "казиноларда" жүреді екен.
"Бүкіл ереже кіреберісте жазылып тұр. Ойынға құнықпауға шақыратын ескертулер де ілінген. Бізде өтемақы деген атымен жоқ. Ол бізден ұтылған ақшасының 10 пайызын неге сұрап жатқанын мүлде түсінбеймін. Ойнаған өзі. Бұл оның өз таңдауы болды", - дейді лото-клубтың әкімшісі Гауһар Әбдірахманова.