Экономика

Жаңа бағдарлама: Алматыда көпбалалы отбасылар арзан ипотекаға өтініш беріп жатыр

© Sputnik / Владислав Водневтұрғын үй, архив
тұрғын үй, архив - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматыда көпбалалы отбасыларды арзан ипотекалық баспанамен қамту үшін өтініштер қабылдау басталып кетті. Электронды түрде қабылданған өтініштер қазір 200-ден асты

 

АЛМАТЫ, 12 наурыз – Sputnik. "Көпбалалы отбасы" санаты бойынша баспанаға мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға жеңілдетілген несие беру үшін өтініштер қабылдау басталғанын және оның шарттарын Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы жария етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 2 пайыз

Өтініштерді қабылдау мерзімі шектеулі: 11 наурыздан бастап 15 наурызға дейін.

"Көпбалалы отбасылар "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында тұрғын үй жеңілдігін ала алады. Ол бойынша "Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі" АҚ-тан 15 млн теңгеге дейін несие беріледі. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыздан төмен. Бастапқы жарна – сатып алынатын пәтер құнының 10 пайызы", - деп хабарлады басқармадағылар.

Ол үшін алдымен www.baqytty-otbasy.kz сайтына кіріп, "Өтініштерді қабылдау" бөліміне арыз жазып қалдыру керек.

"Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызбен бұған дейін пәтерді несиеге берген емеспіз. Бұл өте жақсы мүмкіндік", - дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегілер.

Пәтерді өздері таңдайды

Банктегілердің айтуынша, өтініші қабылданған көпбалалы отбасыға пәтер таңдау үшін бір ай уақыт беріледі әрі оны таңдауға өздері де көмектеседі.

"Қазір банктің Алматы қалалық филиалында көпбалалы отбасылар баспанасы өлшеміне сәйкес келетін пәтерлердің тізімі жасалып жатыр.  Егер берілетін қарыздың ең жоғарғы сомасы 15 млн теңге деп алатын болсақ, онда несие төлеушінің ең қымбат ай сайынғы төлемі 79 мың теңге боп қалады", - дейді банктің тегін қызмет көрсету желісіндегі кеңесшілер.

Табысыңыз 25 мың теңгеден асса болғаны

Макет дома на калькуляторе - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Көпбалалы отбасыларға берілетін баспананың қанша тұратыны белгілі болды
Жеңілдетілген несиемен үй алу үшін, әрине көпбалалы отбасының қаржылық жағдайы есепке алынады. Бірақ оған көп алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл әлеуметтік топтың табысына қатысты көп талап қойылмайтын боп шықты.

"Бағдарламаға қатысушы ай сайын борышын өтеу үшін, әрі күнкөріске қажетті ең төменгі сомасы барын нақтылауы үшін белгілі бір мөлшерде табыс табатынын дәлелдеуі керек. Бұл бір ересек адамға 5 айлық есептік көрсеткіш немесе 12 625 теңге.  Мысалы, күйеуі мен әйелін алсақ, онда бұл 25250 теңге болады. Бұл арада қарызды өтеу қабілеттілігін есептеуде балалар есепке алынбайтынын баса айта кеткіміз келеді", - дейді банктегілер.

Салыстыру үшін айта кетсек, мәселен қатардағы азаматтардың қарызды өтеу қабілеттілігін есептеуде отбасындағы бір ересек адам 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 37 875 теңге табыс табатынын дәлелдеуі тиіс. Одан бөлек балалары болса, банк оларға да есеп жүргізеді екен.

Қандай құжаттар керек

"Бақытты отбасы" сайтына кіріп, өтінішті тіркету үшін азаматтардың электронды кілті болуы керек. Оны Халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады.

  • Сонымен қатар өтінішке қоса азаматтар мынандай құжаттардың сканерленген нұсқасын өткізуі керек:
  • 2008 жылға дейін дүниеге келген баланың туу туралы куәлігі;
  • 2008 жылға дейін тіркелген неке туралы куәлігі (немесе некенің бұзылғандығын растайтын құжат), жолдасының/жұбайының қайтыс болғандығы туралы куәлік;
  • Некеде тұрмайтындығы туралы нотариалды бекітілген арыз.

Алматыдағы ХҚКО-да қарбалас байқалмайды

Әрине, бұл құжаттарды жинау үшін де белгілі бір уақыт керек. Сондықтан алматылық көпбалалы отбасылар құжатын өткізіп үлгермей қала ма деген қауіп те бар. Өйткені уақыт шектеулі ғой. Бірақ бүгін біз Алматы қаласы Алмалы аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымызда қандай да бір қарбаласты байқамадық.

Деньги, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Амандық Баталов: Көп балалы отбасыларға 1 миллион теңгеден беріледі
Әлбетте, көпшілік бұл ақпараттан дер кезінде құлақтанбай қалған жоқ па деген күмән туындады бізде. Бірақ бұл күмәндімізді банктегілер былай сейілтті:

"Пәтер әкімдікте кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға берілмек. Олар құжаттарын әлдеқашан бірнеше қайтара жинап қойған болуы керек. Тек оларға электронды кілт алып, сайтқа кіріп, соның бәрін өтінішпен қоса тапсырса жетіп жатыр".

Демек, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер кезегі бар көпбалалы отбасыларға ғана беріледі.

Басқарма мәліметі бойынша, бүгіндері Алматыда 1276 көпбалалы отбасы кезекте тұр екен.  Ал сайтта кешелі бері өткізілген өтініштер саны қазір 218-ді көрсетіп тұр. Бұл - қаладағы көпбалалы отбасылардың 18 пайызы ғана.

Осы жайтқа қатысты туындаған сауалдарыңыз болса, онда Алматы қаласы Тұрғын үй басқармасының  мына 8 (727)2 25 12 04, 8 (727)2 25 14 57, 8 (727)2 25 14 44 немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің тегін желісі: 300, 8 8000 801 880 нөмірлеріне қоңырау шалып, жауап ала аласыздар.

Жаңалықтар
0