АСТАНА, 7 наурыз – Sputnik. Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Бақытжан Сағынтаев Халықаралық әйелдер күніне арналған "Әлемнің жарығы"атты мерекелік концертке барды.
Мемлекеттік хатшы концерт алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан еліміздегі әйелдер қауымын Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Сіздер елдіктің жүгін ер-азаматтармен бірдей арқалап, сан түрлі салада табысты еңбек етіп, мемлекетімізді нығайтуға, елдігімізді баянды етуге бірегей үлес қосып келесіздер", – делінген құттықтауда.
Сондай-ақ, Елбасының құттықтауында әйелдер қауымы шаңырақтың берекесі мен отбасылық құндылықтарды сақтап, бүкіл қоғамның үйлесімді дамуына септігін тигізіп отырғаны жөнінде айтылған.
"Барша қазақстандық аналарға жан-жақты қолдау көрсетіп, қамқорлық жасау – ер-азаматтардың борышы және мемлекеттің ең басты міндеті. Біз осы үдеден шығу үшін аянбаймыз", – делінген құттықтау сөзде.
Концертте "Astana Ballet", "Жастар" театрларының өнерпаздары, халық әртістері Ә.Дінішев, Р.Рымбаева, сондай-ақ танымал орындаушылар Р.Малцагов, Р.Нұржігіт, Ayree, Н.Керменбаев, Ә.Оқапов, А.Жорабаева, "Жас сарбаз" балалар хоры, Қ.Әбілдина студиясының шәкірттері өнер көрсетті.