АСТАНА, 7 наурыз – Sputnik. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Руслан Мадиев (12-1, 5КО) Prosports.kz сайтына берген сұхбатында Геннадий Головкинге өкпелі екенін айтты.
Руслан қазір Қарағандыда жаттығып жүр. Айтуынша, дәл қазір АҚШ-та жұдырықтасуға құқы жоқ. Өйткені промоутерлер GGG Promotions компаниясымен келісімшартым жоқ деген қағаз талап етіп жатқан көрінеді.
Руслан Мадиев Golden Boy Promotions ұйымдастырған соңғы бокс кешінен GGG Promotions компаниясы көк тиын төлемегенін айтады. "Енді олар менен тағы ақша сұрап жатыр деп" қынжылды ол.
"Big Bear-ге мен алғаш рет бес жыл бұрын келдім. Мені Геннадий шақырған болатын. Жай ғана жаттығу ойымен барғанмын. Сосын мен кәсіби жекпе-жектерге шығара бастады, бірнеше кездесуден кейін чемпиондық белбеуге таласамын деп ойладым. Бірақ қателестім. Бес жыл өтті, бірақ чемпиондық кездесу бермеді. Қарсыластарым мықты болғанымен бұл жай ғана рейтінгілік кездесулер болды. Бұған қоса маған бапкерім ұнамады. Қазір қызығушылық танытып жатқан бір-екі промоутер бар, бірақ олар қағазды талап етуде", - дейді боксшы.
"Басында Головкин "сенікі дұрыс, боксшы ретінде өскің келсе, саған басқа бапкер керек" деген. Не болса да, дос болып қаламыз деді. Артынша маған "100 мыңдық" есепшотты көрсетті. Бұл қағазда оның маған еш наразылығы жоқ екені туралы айтылған", - дейді ол.
Бұл қағазда "біз Русланға керемет жаттығу лагерін ұсындық, билеттер, дәрі-дәрмектер сатып бердік" деп жазылыпты.
"Бұған дейін берген сұхбатымнан кейін олар менімен хабарласатын шығар деп ойладым. Бірақ маған ешкім хабарласпады. Макс пен Генаны ағам ретінде көрдім, олардың істеп жатқаны мынау... Менің карьерамды құртып жатыр десем де болады", - деп түйіндеді ол.