АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шаңғышы Алексей Полторанин жақын арада мәлімдеме жасайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазақстандық шаңғышы спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевпен байланысқа шыққан, хабарласып тұрады.
Министр жақын арада елімізде допингпен ұсталған спортшыларға қатысты шаралар күшейтілетінін атап өтті.
"Сіздер білесіздер, біз спорт туралы заңға өзгерістер енгізуді көздеп отырмыз. Допинг қолданатын спортшыларға қатысты шараларды, әрине, күшейтеміз", - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, қазір заң жобасы парламентте қаралып жатыр екен.
Еске сала кетсек, қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин Австрияда 27 ақпан күні допинг қолданды деген күдікпен ұсталған болатын. Отандасымыздан бөлек, полиция эстониялық шаңғышы Андрус Веэрпалу мен австриялық Макс Хаукені қамауға алды.
Допинг дауына қатысты тергеуге байланысты Полторанин жарыстардан шеттетілді.
Айта кетсек, Алексей Полторанин және екі австриялық спортшы Макс Хауке мен Доминик Бальдауф қан допингін қолданғанын мойындады.