АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. Қысқы мерекелердің алдында астролог Ирина Абдраимова қазақстандықтарды 2019 жылы күтіп тұрған маңызды оқиғалардан хабардар етіп, ақпан айының еліміз үшін ауыр ай болатынын ескерткен еді.
"Үкіметте, саяси элитада келіспеушілік болуы мүмкін, саяси және діни алауыздық болып, іште жатқан қарама-қайшылықтар сыртқа шығуы ықтимал. Ақпан, шілде және қарашада жаппай наразылықтар, діни фанатизм және қоғамда текетірестер болып, саяси қайраткерлер өз тартысының негізі ретінде дінді алуы мүмкін", - деген еді бір жылға жасаған болжамында.
Шынымен де, ақпан айында елді дүрліктіріп, қоғамда резонанс тудырған бірнеше оқиға болды, сонымен қатар үкімет ауысты.
Халықты алаңдатқан ақпан айынан кейін көктемнің бірінші айы қандай болмақ?
"Жаңа істерді 28 наурыздан бастап жоспарлаңыз"
Астрологтың айтуынша, наурыз айының алғашқы онкүндігі жоғары эмоциналды фонға ие. Көктемнің келуі адамдарда махаббатқа қажеттілік пен құштарлық оятып, сезімталдығын арттырады. Бұл мезгілде адамдар күтпеген қадамға баруға, тосынсый жасап, жақындарын қуантуға бейім тұрады.
"Бірінші және екінші наурызда ғашық жандар арасында түсініспеушілік, кикілжің жиілеп, екі жастың жолдары айырылуы мүмкін. Ажырасу саны көбеюі ықтимал", - деп ескертті Абдраимова.
Алғашқы онкүндіктің негізгі астрологиялық оқиғасы – бұл кертартпа Меркурий.
"Бір жағынан, біз жүрек қалауына құлақ асамыз. Бірақ, жаңа жоба, оқу, кәсіпорынды тіркеу, дүкен, салон ашу, келісмшарт бекіту, маңызды қағаздар рәсімдеу, жылжымайтын мүлікті айырбастау, басқа бір жерге қоныс аудару, тұмыстық техника сатып алу секілді шаруаларды бұл уақытта бастамаған дұрыс", - дейді астролог.
Маман одан да бастаған істі соңына дейін жеткізуге, қордаланып қалған мәселені шешіп, қажетсіз заттардан арылуға, қағаздарды ретке келтіруге кеңес берді. Кім білсін, бәлкім, баяғыдан іздеп жүрген маңызды құжаттарыңыз табылып қалар.
Сонымен қатар, ескі келісімдерді қайта қарастырып, ынтымақтастық шарттарын өзгертіп, бұрыннан жақсы таныс достармен жүздесуге қолайлы күн.
Алтыншы наурызда Уранның Торпақ жұлдызнама белгісіне ауысуы толығымен аяқталады. Бұл алдағы бірнеше жылда билікте маңызды өзгерістер болады дегенді білдіреді.
"Жаңа істерді 28 наурыздан бастап жоспарлаған абзал. Бұл кезең дизайнерлер, жазушылар мен суретшілер, кино саласының адамдары, бір сөзбен айтсақ шығармашыл жандардың шабытын оятып, тамаша туындылардың дүниеге келуіне септігін тигізеді", - дейді астролог.
Осы аралықта адамдар өзін-өзі жоғары бағалап, өзгеге өздерін танытуға, басқа қырынан көрсетуге тырысады.
"Валюта бағамы күрт өзгеруі мүмкін"
"Наурыздың бірінші онкүндігінде Тоқты, Арыстан, Мерген белгілері кәсіпкерлікпен айналысарда энергия тапшылығын сезінуі мүмкін", - деп ескертті астролог.
Бұған қоса, наурызда биржада бағалар әрі-бері құбылып, валюта бағамы күрт өзгеруі мүмкін.
Наурыздың екінші онкүндігі от пен ауа белгісіндегі жұлдызнамаларға энергия ағынын, күш-қуат пен сенімділік сыйлайды. Бұл маңызды іс-қимыл кезеңі, сондықтан уақыт жоғалтпаған абзал.
Наурыз – нағыз Жаңа жыл
21 наурызда Астана уақытымен сағат 03:58-де өте маңызды астрологиялық оқиға – Астрологиялық жаңа жыл болады.
"Ал бізде Шығыста Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы тойланады. Әз-Наурызды сән-салтанатымен, жоғары деңгейде атап өткен дұрыс, себебі ғарыштық өлшем бойынша бұл мейрам 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні біз тойлайтын ресми Жаңа жылдан әлдеқайда маңыздырақ",- дейді Абдраимова.
"Алаяқтардың арбауына түсіп қалу оңай"
Наурыздың үшінші онкүндігінде адамдардың көңіл-күйі құбылып, қыңырлық танытады, ұмытшақ болып, ойын жинақтау қиынға түседі.
"Бұл кезең әжептәуір ұзаққа созылады. Оның ықпалын сәуірдің басына дейін сезінеміз. Бұл күндері алаяқтардың арбауына оңай түсіп қалуыңыз ықтимал. Опасыздық, арамдық пен өтірік достарыңызбен, жақындарыңызбен, көршілеріңізбен арадағы қарым-қатынасыңызға сызат түсіруі мүмкін", - деп ескертті астролог.
2019 жылы кімдердің жолы болады - жұлдыз жорамал
Жаңа адамдармен танысқан кезде, сақ болыңыз, әсіресе махаббат мәселесіне келгенде. Жүрегіңізге жол тапқан адам шынайы бет-бейнесін көрсетпей жүрген болуы мүмкін.
"Шетелдіктермен араласуға, шетелге, әсіресе, теңізге шығуға жайсыз уақыт. Бұл күндері алаңғасарлықтан көлік апаты жиілеп кетуі ықтимал", -дейді маман.
Су, дәрі, есірткі және ішімдікті қолданумен байланысты жазатайым оқиғалар болуы әбден мүмкін. Өз-өзіңізге медициналық диагноз қоюға асықпаңыз.
"Қоғамда жанжал, келіспеушілік байқалуы мүмкін. Саяси аренада өтірік сөйлеу, екіжүзділікке куә болуымыз ықимал, осы уақытта берген уәделер орындалмайды, келісімдер бұзылады", - деді Абдраимова.
Бірақ, оның айтуынша, бұл кезеңнің бір жақсы жағы бар. Шығармашылық, медитация, өзіңнің рухани деңгейінді көтеруге таптырмас уақыт.