АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Астанада Алғыс айту күнін тойлау кезінде үш тұрмысы төмен отбасыға пәтер сыйға тартылады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте "Қазақ радиолары" ЖШС директоры Құрманбек Жұмағали хабарлады.
Пәтердің кілтін Ақмола облысы мен Қарағандыдан келген көпбалалы отбасылар алатыны белгілі болды.
"Пәтерлерді сатып алуға ақшаны "Харекет" қоғамдық қайырымдылық қоры бөлді. Пәтер алатын отбасылар үшін бұл тосынсый болады, олар әлі білмейді", - деді "Қазақ радиолары" ЖШС директоры Құрманбек Жұмағали.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық концерттен түсетін барлық қаражат қазақстандық Әділет Арыстанды емдеуге жұмсалады. Бала тоқ ішекті трансплантациялау отасына кезек күтіп жатыр.
"Залда ақша салуға арналған қорап болады. Сондай-ақ LED экранда баланың суретін, оның реквизиттерін көрсетеміз. Осылайша концерт қонақтары баланың еміне ақша жібере алады", - деді ол.