АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов әр балаға 20 мың теңге беру керек деп санайды.
Көпбалалы отбасыларға мемлекеттен төленетін жәрдемақыға қатысты пікірін боксшы Астанадағы "Нұр Отан" партиясының XVIII съезі басталмас бұрын айтты.
"Барлық балаға 20 мың теңге жетеді дегенге қарсымын. Әр балаға төлену керек. Сонда әжептәуір көмек болады. Сол ақшаны алған ана жұмыс істемей, балаларының тәрбиесімен айналысар еді. Тәрбиелі ұрпақ мемлекетімізге екі-үш есе пайдасын әкеледі. Бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды", - дейді Ибраимов Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Он баланың әкесі бір баланы асырауға қанша ақша жұмсайтынын айтты.
Ыбрайымов Асқар Мамин бастаған үкіметтің жаңа құрамынан не күтетінін айтты.
"Бұған дейін жұмыс істеген үкімет, шамасы келгенше экономиканы алға тартып, халыққа жақсылық жасағысы келді. Талпынды, бірақ, енді, мәселелер көбейіп кетті. Енді жаңа үкімет бұл проблемаларды жаңаша қарап, шешімін табады деген ойдамын. Асқар Маминді өте жақсы танимыз, меніңше, ол мықты менеджер", - деген пікірімен бөлісті чемпион.
Айта кетсек, Астанада Қазақстан президентінің төрағалығымен "Нұр Отан" партиясының XVIII съезі басталды.
Тағы оқыңыз: Жаңа министр таяуда жәрдемақының жаңа мөлшері жария етілетінін мәлімдеді