Мемлекеттік корей музыкалық республикалық комедия театры 1932 жылы Владивостокта құрылды. Бұл — әлемдегі алғашқы кәріс театры. 1937 жылы депортация негізінде Қазақ кеңес социалистік республикасының Қызылорда қаласына көшірілді.
Театрдың негізгі тарихи кезеңдері
1940 жылы театр Қызылорда облысының үшінші санаттағы кәріс музыкалық драма театры болып қайта құрылды.
1941 жылы сол кезеңдегі тарихи оқиғаларға сәйкес, театр репертуары Ұлы Отан соғысына арналған өлеңдер оқылып, әндер айтылатын концерттік бағдарламалармен толықты. Театр әртістері эвакуацияланған халық пен жарақат алғандардың алдында өнер көрсетті.
Тағы оқыңыз: "Наз" мемлекеттік би театрының құрылу тарихы
1942 жылдың 13 қаңтарында театр Қызылордадан Талдықорған облысы Қаратал ауданы Үштөбе станциясына көшірілді. Осыдан кейін атауы Талдықорған облыстық корей музыкалық-драма театры болып өзгертілді.
1950 жылы Ташкент пен Талдықорған облыстарындағы корей музыкалық-драма театры бірікті. Жаңа театр Үштөбе станциясында құрылды. Театр шығармашылығында Тхай Дян Чунның "38 параллельден оңтүстікке қарай" және Ен Сен Неннің "Корея жалынның құрсауында" сынды қойылымдарының орны ерекше. Себебі бұл екі қойылым бірдей Кореядағы толғандырған мәселелерді көтереді.
1955 жылы корей театры Алматы қаласына гастрольдік сапармен барды.
1959 жылы театр қайтадан Қызылорда қаласына көшірілді. Бұдан кейін театр 1968 жылы Алматы қаласына көшіріліп, мәртебесін өзгертті. Осы сәттен бастап мемлекеттік Корей музыкалық комедия театры деп аталды.
Театрдың жетістіктері
1982 жылы театрға 15 жыл толуына орай және кеңес театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін "Құрмет белгісі" орденімен марапатталды.
1989 жылы театр Қытай Халық Республикасы мен Корея Республикасына гастрольдік сапармен барды.
1992 жылы Сеулде өткен ұлттық театр өнері фестивалінде өнер ордасы Хан Диннің "Ағашты тербетудің қажеті жоқ" қойылымы үшін бірінші жүлдесін иеленді.
2002 жылы театр өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтіп, Қазақстан Республикасының президенті өнер ордасына алғыс білдірді.
2005 жылы театр жетекшілігіне Корея президентінің атынан мақтау қағазы берілді.
2010 жылы мемлекеттік Корей музыкалық комедия театры Сеулде халықаралық "Жібек жолы" фестивалін өткізу бастамасын көтерді. Фестивальге Қазақстанның атынан Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік жасөспірімдер мен балалар театры және мемлекеттік Корей музыкалық комедия театры қатысты.
Сондай-ақ, Korea National University of Arts — Кореяның ұлттық өнер университетімен бірігіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойды. Осылайша театр әртістері Кореяның үздік университеттерінің бірінде тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдау мүмкіндігіне ие болды.
Тағы оқыңыз: Максим Горький атындағы театр туралы қызықты мәліметтер
2013 жылы Корея Республикасының рухани мұрасын сақтау орталығы мен мемлекеттік Корей музыкалық комедия театры арасында келісімшартқа қол қойылды. Аталған келісімшартқа сәйкес, орталықтың үздік мамандары Корей театрына келіп шеберлік сабақтарын өткізеді.
Театр репертуары
Театр репертуарында ұлттық және заманауи кәріс спектакльдері бар. Барлық қойылым кәріс тілінде көрсетіледі. Сондай-ақ, құлаққаптың көмегімен қойылымдарды орыс тілінде тамашалауға болады.