АСТАНА, 26 ақпан — Sputnik. Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады, кей жерде жауын-шашын түсіп, еліміздің оңтүстік-шығысында ғана күн ашық болады, деп хабарлайды "Қазгидромет".
Өңірлердегі ауа райы
Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында кей жерде боран, көктайғақ, тұман болады, желдің екпіні 15-20 м/с, Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында ұйытқуы 25 м/с-қа жетеді.
Алматы облысында түнде және таңертең кей жерде тұман, Жалаңашкөл ауданында желдің екпіні – 17-22 м/с, ұйытқуы 25 м/с.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында кей жерде боран соғады, Павлодар облысында кей жерде желдің екпіні 15-20 м/с, Солтүстік Қазақстан облысында кей жерде тұман түседі.
Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында кей жерде тұман, көктайғақ, Жамбыл облысында кей жерде желдің екпіні 15-20 м/с. Түркістан, Ақтөбе облыстарында кей жерде тұман түседі.
Ірі қалалардағы ауа райы
Шымкентте сәрсенбі күні көшпелі бұлтты, оқтын-оқтын жаңбыр жауады. Ауа температурасы күндіз 8-11 градус жылы, түнде 1-3 градус нөлден жоғары.
Алматыда 27 ақпанда күндіз жауын-шашынсыз жайма шуақ ауа райы болады. Күндіз 4-6 градус жылы, ал түнде сынап бағанасы +1-3 градусты көрсетеді.
Елордада ертең ауа райы бұлтты болып, арасында күннің көзі күлімдейді. Ауа температурасы тәулік бойы минус 6-9 градус деңгейінде болмақ.