ARTиШОК — Қазақстандағы тәуелсіз театр компаниясы. Ол 2001 жылы кәсіби актерлер, режиссерлер және арт-менеджерлер тобымен құрылды. Дәлірек айтсақ, театрдың негізін салуға Галина Пьянова, Вероника Насальская, Дмитрий Скирт, Елена Тайматова және Елена Набокова себепші.
Театр тарихы "Түрлі-түстілер" деп аталатын көше қойылымынан басталды. Актерлер ұзақ уақыт тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінде дайындалып, сол жерде қойылым қойып жүрді.
2017 жылы 28 Панфиловшылар паркінде бұрын түнгі клуб болған ғимарат босады. Екі жылдан бері театрдың үлкен сахнасы осы ғимаратта жұмыс істеп тұр. Жертөлеге небәрі 65, ал үлкен сахна бар ғимаратқа 130 адам сияды.
Театр жетістіктері
2003 жылы театр труппасы Арменияның Ереван қаласында өткен HIGH FEST халықаралық фестивальге қатысты.
Осы жылы театр ұжымы Чехияға гастрольдік сапармен барып, "ZIP-ZAP… және сыпырғыш туралы бір де бір сөз айтпаймыз" қойылымын қойды.
2004 жылы театр актерлері Нидерландының Амстердам қаласында өткен театр импровизацияларының халықаралық фестиваліне қатысты. Сондай-ақ, осы жылы Швейцарияға гастрольдік сапармен барды.
2005 жылы труппа Ресейдің Мәскеу қаласында өткен NET халықаралық фестивалінде "Көрермен көзайымы" жүлдесін иеленді. Бұл кезде "BACK IN THE USSR" спектаклін сахналаған-ды.
2009 жылы театр Беларусь елінің Могилев қаласында өткен М.АРТ.КОНТАКТ-2009 халықаралық жастар театр форумында гран-при иеленді. Бұл кезде "BACK IN THE USSR" қойылымын сахналады.
2017 жылы актерлер Бельгияның Брюссель қаласындағы IETM халықаралық заманауи орындаушылық өнерлер желісі мүшелерінің пленарлық кездесуіне барды.
Театр репертуары
Наталья Ворожбиттің пьесасы бойынша сахналанған "Ұят", Евгений Жумановтың авторлық жобасы — "Қатыгез монология", "Белгісіз жаққа секіру", "Гамлет", "Төле би көшесінің бойымен" және т.б.-лар.
Басты рөлді сомдайтын актерлер
ARTиШОК театрының көркемдік жетекшісі — Галина Пьянова. Басты актерлер — Шыңғыс Капин, Дмитрий Копылов, Виктория Мұхамеджанова, Еркен Губашев, Айдос Рысхан және т.б.-лар.
Театр өзін Алматы қаласындағы экспериментальды әрі заманауи өнердің ордасына айналған көрікті жерлердің бірі деп біледі.