АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Енді Алматылық көпбалалы отбасылар 2 пайыздық ипотекамен баспаналы бола алады. Бұл туралы халық алдында есеп берген қала әкімі Бауыржан Байбек айтты.
Оның сөзіне сүйенсек, көпбалалы және толық емес отбасыларға арнап арнайы "Бақытты отбасы" бағдарламасы қолға алынбақ, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Алматы әкімінің айтуынша, мұндай қаржыға құны 15 миллион теңгеден аспайтын жаңадан салынған үйлердің шағын көлемді пәтерлерін сатып алуға болады.
Сондай-ақ, "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында тұрмысы төмен отбасыда тәрбиеленіп отырған үздік оқушылар мен студенттерге стипендия беру де көзделген. Яғни, колледж, университет білімгерлеріне 10 мың, мектеп оқушыларына 5 мың теңге көлемінде қаржылай көмек жасалмақ. Одан бөлек балабақшаға баратын балаларға жеңілдік қарастырылады.