АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Сенат депутаты Дариға Назарбаева қазақстандық журналистерді іс-шараларға аккредитациялау ережесіне енгізілетін өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осыған дейін ақпарат және коммуникациялар министрлігі іс-шараларға журналистерді қатыстыру ережесін күшейтуді ұсынған болатын. Бұған журналистер қарсылық білдіріп, митинг өткізуге өтініш білдірді.
Осы орайда Дариға Назарбаев аталған мәселені талқылау барысында оң өзгерістер байқағанын атап өтті.
"Мен мұнда екі үлкен "плюсті" көріп тұрмын. Біріншіден, атқарушы биліктің нормативті-құқықтық актілері жобасымен онлайн режимде танысуға мүмкіндік туды. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмаған. Сонымен қатар мен журналистердің Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ғана емес, басқа да органдардың нормативті-құқықтық құжаттарын қарағанын қалар едім", - деді ол.
Оның айтуынша, парламентте заңдар қабылданған соң тараптар арасында түсініспеушіліктер туындап жатады.
"Екіншіден, сіздер аталған мәселені талқыға салып, қарсылық білдіріп, өз ойларыңызды айтуға мүмкіндік алдыңыздар. Менің ойымша, қазіргі таңда журналистердің ғимаратқа кіруі мәселесінен басқа, негізгі дау тудырған мәселелер алынып тасталды. Бұл ғимараттағы журналистерге арналған орынның жеткіліксіздігімен байланысты. Мұнда министрліктің өз дәлелдері бар. Расында, мен әзірге аталған мәселеге байланысты редакциялардың дәлелдерін естіген жоқпын. Менің ойымша, бұл жерде де келісімге келудің жолын (консенсус) табу керек. Бірақ мен аталған ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын білмеймін. Бір редакция бір шараға 5 адам жіберуі мүмкін бе? Мұны әзірге білмейді", - деп түйіндеді сөзін Дариға Назарбаев.
Жаңа құжаттың жобасы бойынша, іс-шарадан хабар дайындайтын журналист аккредитация беруші мекемеге жеке бас куәлігінің көшірмесін тапсырып, мекеменің ішкі тәртібін сақтауға және модератор белгілеген регламенттің сақталуына жазбаша келісім беруі және журналист пен БАҚ арасындағы келісімшарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжат көшірмесін беруі міндетті.
Алайда журналисте аталған құжаттар толық болмаған жағдайда немесе өтiнiштiң мазмұны талаптарға сәйкес келмесе, әрі жиын, отырыстар мен басқа да іс-шаралар өтетін ғимаратта журналистерді орналастыру мүмкіндігі болмаған жағдайда мекеменің журналисті тіркеуден бас тартуға құқығы бар.