АСТАНА, 19 ақпан – Sputnik. Алматыда 31 жастағы әйелдің 9 миллион теңгесін ұрлап кеткен, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тұрғын қомақты қаражат салынған сөмкені өз көлігінде қалдырған. Ал ұрылар көліктің терезесін шағып, сөмкені алып кеткен.
Сонымен қатар полиция подполковнигі күдіктілер Шығыс Қазақстан облысының тумасы екенін атап өтті.
"Айта кету керек, күдіктілер Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары. Оның бірі 45 жастағы К. есімді азамат. Оны біздің құрылымдағы сақшылар Алматы облысында тұтқындады. Сондай-ақ аталған қылмысқа қатысы бар 49 жастағы А. есімді күдікті қаладан шығып үлгермеді. Біз оның Алатау ауданында жүргенін анықтадық. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды", - деді Есен Искаков.
Сонымен қатар ол аталған күдіктілердің бұрын да ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Тіркелген факті бойынша Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-тармағы (Ұрлық, тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр.