ТАЛДЫҚОРҒАН, 17 ақпан — Sputnik. Талдықорғандық Ауған соғысының ардагері Талғат Мамыраев мемлекет басшысына арызданып, жұрт алдында өз медалінен бас тартты, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.
Әлеуметтік желілерде Талдықорған мейрамханаларының бірінде түсірілген видео таралды, іс-шара Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30-жыл толуына орайластырылған болуы мүмкін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Онда интернационалист-жауынгер Талғат Мамраев 29 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтқан. Қазір оның тоғыз адамнан тұратын отбасы 50 шаршы метрлік апатты үйде тұрады екен.
Ол сөз сөйлеп жатып "Ауған халқынан алғыс" медалін киімінен алып тастайды.
Алматы облысының әкімдігі интернационалист-жауынгерлер өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде зор үлес қосып, қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысатынын атап өте келе, ардагердің әлеуметтік желілерде тараған сөзіне жауап берді.
"Ауған соғысының ардагері Талғат Әділханұлы Мамыраевтың сөзіне қатысты мынаны хабарлаймыз. Ертең Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев ардагерді қабылдайды. Осы мәселені зерттейтін жұмыс комиссиясы құрылады", - деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Ол сондай-ақ әкімдік ардагерлерді қолдау бойынша барлық кешенді шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.