Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 16 ақпан

© Sputnik / Владислав Воднев16 ақпан - күнтізбе
16 ақпан - күнтізбе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл – Григориан күнтізбесіндегі 47-ші күн. Жыл соңына дейін 318 күн бар.

16 ақпанда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен әйгілі екенін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

            16 ақпанда қандай қызықты оқиғалар болды

16 ақпан – Ананас күні. Ананас деген не: жеміс пе, әлде жидек пе? Тропикалық өсімдік – ананастың осы екі топтың қайсына жататыны әлі анықталмай келеді. Бірақ дәрумендер мен пайдалы заттарға бай екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ананасты жаңа піскен кезінде де, консервіленген немесе кептірілген түрде де жеуге болады. Ананасты бүкіл әлем Колумбтың арқасында білді. Әйгілі саяхатшы ананастың жемісін Орталық Америкадан тауыпты. Ананастың емдік қасиеті жақында ғана белгілі болды. Тұрақты пайдаланған кезде, қанның тұтқырлығы төмендеп, тромбоз бен тромбофлебиттердің алын алады. Гипертония, бүйрек ауруы және жүрек-қантамыр қызметінің бұзылуы кезінде де жақсы көмектеседі. Инфаркт пен инсульттің алдын алуға септігін тигізеді. Бұл өсімдікті пайдалану жарақаттың жазылуын тездетіп, ас қорытуды жеңілдетеді.

АҚШ тұрғындары бүгін кезекті "дәмді" мерекені атап өтеді: Ұлттық бадам күні. Бадамның бұл елде төл мерекеге ие болуы тегін емес, себебі АҚШ – әлемдегі ең ірі бадам өндірушілердің бірі. Әдетте бадам дегенде көз алдымызға жаңғақ елестейді, негізінде бұл - сүйекті жеміс, бадамның "жақын туыстары" – қара өрік, өрік, шабдалы, шие. Шынымен де, егер байқаған болсаңыз, бадам жаңғағы өріктің дәнегіне қатты ұқсайды. Тәтті бадамның дәні тамақ әзірлеуде кең пайдаланылады, түрлі тәтті тағамдарға, шоколад пен ішімдікке қосылады. Бадамның дәнінен май алып, дәрі, опа-далап және иіс су өндірісінде пайдаланады. Бадамның отаны – Азия мен Жер орта теңізі аймағы, бірақ уақыт өте келе басқа елдерге де тарала бастады. АҚШ-та бадам өсіру 1840 жылы қолға алынған.

Сонымен қатар, бүгін – жаңа иістер іздеу күні. Демек, ерекше бірдеңені байқап көруге, батылыңыз жетпей жүрсе, бүгін соның орайы келіп тұр екен. Иістер туралы айта кетсек, 1934 жылы танымал француз парфюмері Франсуа Коти өмірден озды, ол 130-дан астам хош иісті ойлап тапқан, олардың ішінде – Chypre, L’Origan, Le Muguet, VAimant және VEmeraude – ХХ ғасырда өте кең танымалдыққа ие болды.

            16 ақпанда әлемде болған тарихи оқиғалар

1923 жылы Говард Картер Тутанхамон перғауынның қабірін ашты;

1925 жылы Минск қаласында беларус мәдениеті институтының кітапханасы ашылды;

1968 жылы АҚШ-тағы алғашқы құтқару қызметі – 911 Алабама штатындағы Хейливилл қаласында іске қосылды;

1976 жылы КСРО-да Кама автомобиль зауытынан КАМАЗ маркалы алғашқы көлік құрастырылды.

            16 ақпанда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Жаңа Зеландия арасындағы дипломатиялық қатынасты орнату туралы ноталармен алмасу болды;

2010 жылы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жергілікті журналист әрі жазушы Жаңатай Бекеновтің "Қанай би және оның ұрпақтары" кітабының тұсаукесері өтті.

            16 ақпанда әлемде дүниеге келген танымал тұлғалар

1804 жылы француз жазушысы, сыншы және журналист Жюль Габриель Жанен дүниеге келді ("Өлі есек және гильотинамен басы шабылған әйел" романы);

1904 жылы америкалық дипломат, саясаттанушы және тарихшы, Woodrow Wilson International Center for Scholars бөлімінің Кеннан институтының негізін қалаушы Джордж Кеннан дүниеге келді. Қырғи қабақ соғысы кезінде "ұстап тұру" идеясының бастамашысы ретінде белгілі. Ресей мен батыс елдерінің қарым-қатынасының тарихы туралы кітаптардың авторы. 1890 жылдары ресейлік төңкерісшілермен байланыста болған Джордж Кеннанның туысы;

1940 жылы кеңес және ресейлік театр және кино актері, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Борис Агешин дүниеге келді. Ресейлік пантомиманың классигі, бірінші кеңестік кәсіби мим;

1942 жылы Солтүстік Кореяның мемлекет, партия және әскери қайраткері Ким Чен Ир дүниеге келді. КХДР-дің ұлы басшысы, Корея Еңбек партиясының бас хатшысы, Корея халық әскерінің жоғары бас қолбасшысы, КХДР мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, Ким Ир Сен көсемнің ұлы. КХДР генералиссимусы (2012, өмірден өткен соң). Төрт рет КХДР батыры атанған.

            16 ақпанда Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1933 жылы әйгілі ғалым, диалектика және диалектикалық логика теориясы бойынша қазақстандық философтар мектебінің негізін қалаушы, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Жабайхан Әбділдин дүниеге келді;

1938 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, техника ғылымының докторы, Қазақ КСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері Сәбит Хамзин дүниеге келді.

            Ай күнтізбесі

Ай Шаян белгісінде орналасады. Бүгін өз-өзіңізбен болып, өткен жайттарды ой елегінен өткізуге ең қолайлы күн. Армандап, келешекке шаруалар жоспарлап, осы айдағы мақсаттарыңыз бен басымдықтарыңызды айқындап алуыңызға болады.

Жаңалықтар
0