АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Конституциялық кеңес Қазақстан президентінің Конституцияның 42-бабы 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішіне жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Конституцияның 42-бабы мемлекет басшысының өкілеттіктерін тоқтату шарттарына қатысты.
"Мемлекет басшысының өтінішінде Конституцияның 42-бабының 3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық болып табылады ма деген сұрақ қойылған болатын. Конституциялық Кеңес аталған нормада президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері толық емес деп түсіндірді.
Кеңестің пікірінше, негізгі заңнан мемлекет басшысының отставкаға шығу құқығы туындайды. Аталған құқық президенттік басқару нысаны мен Республика президентінің конституциялық мәртебесінің элементі болып табылады.
Конституциялық Кеңес Конституция 42-бабының 3-тармағындағы "сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған...жағдайда..." деген сөз тіркесі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың негізі ретінде мемлекет басшысының отставкаға шығуын да қамтиды деп есептейді", - делінген хабарламада.
Нормативтік қаулының толық мәтіні баспасөзде жарияланады.
Биыл ақпан айының басында президент Конституциялық кеңеске өтініш түсіріп, Конституцияның 42-бабының 3-тармағын ресми түсіндіруді сұраған еді.
Тағы оқыңыз: Біз қалып қалған елміз - Назарбаев
Кейін Нұрсұлтан Назарбаев халыққа видеоүндеу жариялап, Конституциялық кеңеске берген өтініші мемлекеттің әдеттегі мәселесі екенін айтты. Президент бұл оқиғаның айналасында айқай-шу тудырмауға кеңес бере отырып, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтпейді деп сендірген болатын.