АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Алматы облысының Талғар ауданында тұрғын үй ретінде жасақталған моншада тұрып келген көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады.
"Әлішер" шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Сүлейменов меценат ретінде өз қаржысына Қуаныш және Мақпал Жанболаттар отбасына үй сатып алып берді. Бұл отбасының бес баласы бар, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жас отбасын жаңа қонысымен құттықтауға облыс әкімі Амандық Баталов барды. Көп балалы отбасы бұрын монша ретінде пайдаланылған жалдамалы жатақтан жаңа үйге көшірілді.
Меценат отағасы Қуаныш Жанболатқа жаңа баспананың кілті мен құжаттарын табыс етті. Аудан әкімі көмек ретінде азық-түлік, көмір жеткізіп, 3 айлық сәбиге қоларба және басқа да балаларына ойыншық алып берді.
Жас ата-ана көрсетілген көмек үшін шын жүректен ризашылықтарын жеткізді.
Сұлтанов Астанадағы "времянкалар" мәселесі қалай шешілетінін айтты
Айта кетейік, Жанболаттар отбасы Ұйғыр ауданында тіркеуде, бес балаға жәрдемақы алады. Қуаныш балалар үйінде өскен, сол қолында саусақтарының жартысы жоқ, сол көзі көрмейді. Бірақ бүгінге дейін мүгедектікке құжат тапсырмаған. Осыған байланысты Талғар аудандық әкімдігінің көмегімен атаулы әлеуметтік көмек алуға және мүгедектік бойынша жәрдемақы рәсімдеуге құжаттар жинақталып, дайындалуда.