АСТАНА, 9 ақпан — Sputnik. Ақтөбеде орамал таққан он оқушы мектепке бармай жүре берсе, келесі сыныпқа көшірілмеуі мүмкін. Қалалық білім бөлімінің мамандары осылай деп отыр.
"Британиялық мектепке беремін деп тұрмын ғой. Онда тек ғана қыздар оқиды. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Біз орамал шешілмейді деген ұстанымдамыз. Орамал неге шешілуі керек? Шешсе, әурет болып саналады. Біз оған келісе алмаймыз", - дейді қала тұрғыны Кенжебек Азанқұлов.
Қазір мектепке келмей отырған балалардың дені алтыншы және сегізінші сыныптың оқушылары. Арасында бастауышта оқитын балалар да бар.
Тағы оқыңыз: Мектепке хиджабпен кіргізбей қойған: Ақтөбелік ата-аналар жанжал шығарды
"Білім беру саласында мемлекеттік стандарт орындалуы қажет. Басқа жерден алған білім ол мемлекеттік стандартты орындаған болып есептелмейді. Сондықтан да білім беру мекемесінде міндетті түрде бала білім алу керек. Бір кластың мемлекетпен бекітілген стандартын аяқтаған бала сол класты аяқтаған болып есептеледі. Келесі класқа педагогикалық кеңестің шешімімен көшіріледі", - дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлназ Мырзағалиева.