ШЫМКЕНТ, 8-ақпан - Sputnik. Шымкентте қалалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мәди Биғалиевтің өліміне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
"Өзіне-өзі қол салу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Білікті дәрігер, атақты хирург-трансплантолог Мәди Биғалиев медицина саласына 40 жыл ғұмырын арнады. Профессор 9 мыңға жуық операция жасаған.
"Мәди Қожаұлы өңіріміздің медицина саласы үшін зор үлес қосты. Тек Қазақстан емес, хирургтің біліктілігін естіген шет елдің науқастары шекара асып, Шымкентке келуші еді", - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы.