АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Қазақстандық әнші Нұрболат Абдуллин 2019 - Жастар жылы марапат алудан дәмелі екенін білдіріп қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәдениет және спорт министрлігінде Жастар жылына орай белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен брифинг өтті. Шараға Мөлдір Әуелбекова, Әлішер Кәрімов, Әли Оқапов, Нұрболат Абдуллин, Бақтияр Адамжан, "Жігіттер" тобының солисі қатысты.
Брифинг барысында әнші Нұрболат Абдуллин өнер иелеріне көрсетіп жатқан қолдауы үшін Елбасы мен мәдениет және спорт министрлігіне алғысын айтты.
"Жастар жылы деп жариялаған кезде, шын мәнінде қуандық. Мен өзім "Қазақконцерт" бірлестігінде жұмыс істеймін. Бірлестіктің ең кенже әншісі менмін. 2017-2018 жылдары берген концерттерімді есептесем, облыс-аудандарды аралап бас-аяғы 200-ден аса концерт өткізіппін. Биыл жастар жылы тек басты қалалар ғана емес, үлкенді-кіші ауылдар да қамтылса екен деген тілегім бар. Сондықтан сол жақтағы әкім ағаларымыз концерт қою үшін немесе тағы басқа шаруалармен барған жастарға қолдау көрсетеді деп сенемін", - деген ол Жастар жылында марапат алғысы келетінін жасырмады.
"Мына жерде атағы жоқ мен ғана екенмін. Құдай қаласа, 2019 жылы – Жастар жылын пайдаланып, бір атақты алып алайық", - деді Абдуллин.
Осыдан кейін журналистердің бірі эстрада әншілері неге әлі күнге дейін министрліктің қаржылай қолдауына мұқтаж екенін, тіпті атақ алғысы келетіндер де бар екенін сұрады. Абдуллин шын мәнісінде халықтың ыстық ықыласы мен қошеметінен асқан атақ жоқ деп ақталды.
"Мен өнерге өз еңбегіммен, инвестордың немесе продюсердің қолдауынсыз келдім. Министрліктің қолдауына ие болу үшін де соған лайықты адам болу керек қой. Мәселен, мен үшін Джастин Тимберлейк ешкім емес. Ол да жақсы әнші, бірақ басқа елдің өнерпазы. Біз өзімізді ұлықтап, өзімізді қолдауымыз керек. Мақтайтын жерде мақтап, сынайтын жерде сынау керек", - деді өнер жұлдызы.
Ол әншілерге бүкіл халықтың алдында концерт беру жұрт ойлағандай оңай емес екенін, өзіндік қиындықтары бар екенін атап өтті.
"Құдай қаласа, биыл күзге қарай елуден аса концерт жоспарлап отырмыз. Сол кезде бізбен бірге еріп жүрсеңіздер, әртістің өмірін, әртістің жағдайын өз көздеріңізбен көресіздер. Тіпті, сахнада отырғанда бір жұтым суға зар болып қалатын кездер болады. Бір ауданда мәдениет үйі бар, бірақ жөнді аппаратурасы, микрофоны жоқ", - деді әнші.
Абдуллин елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген әртістерге атақ беруді құптайтынын жеткізді.
"Елдің сүйіспеншілігіне, ықыласына бөленіп жүрген кісілерге неге атақ бермеске?! Мен бұл жерде атақ сұрап отырған жоқпын, жалпы айтып жатырмын. Сондықтан көзге көрініп тұрған, оқшауланып тұрған дүниеге адам жақсы қарап, мақтауы керек деп ойлаймын. Шетелден бізге ешнәрсе керек емес. Джастин Тимберлейк бар, басқасы бар, ол біздің менталитетке келмейді. Мен оны жек көрмеймін, бірақ, "ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген. Біз өзіміздің қазақтығымызды ұлықтауымыз керек. Америкаға немесе Ресейге барып, солардың тілімен оларды таңғалдыра алмайсыз...Ешкім далада тектен-тек қой бағып жүрген жоқ", - дейді ол.