АСТАНА, 30 қаңтар — Sputnik. 2019 жылдың 2 ақпанынан бастап №3/4 "Астана — Алматы" және №11/12 "Алматы — Шымкент" пойыздарының билеттері арзандайды, себебі бұдан былай олар фирмалық болып саналмайды, деп хабарлайды "Жолаушылар тасымалы" АҚ.
Компания баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, "Тұлпар-Тальго" вагондарынан құрылған бұл пойыздарға "фирмалық" мәртебесі ҚР инвестиция және даму министрлігі мен "Жолаушылар тасымалы" АҚ арасында 2016 жылы желтоқсанда қол қойылған, әлеуметтік маңызы бар бағдарлар бойынша жолаушылар тасымалына қатысты тасымалдаушының шығындарын ұзақмерзімді субсидиялау шартына сәйкес берілген болатын.
Компания құзырлы орган алдында міндеттерін толығымен орындапты. 2018 жылдан бастап аталған бағдарлар бойынша "фирмалық" субсидиялау жүргізілмейді екен.
Енді пойыз билетін қайтарған кезде ақшаны ұстап қалмайды
Алайда тасымалдаушы жолаушыларға қолайлы болу үшін бұл қызметті өз есебінен көрсетіп отырды. Техникалық сипаттамаларына байланысты және заман талабына сай келуі бойынша бұл пойыздардың деңгейі өте жоғары, деп атап өтті баспасөз қызметі.
"Фирмалық" мәртебесі ҚР ИДМ-мен келісе отырып алынып тасталды. Бұл жайт билеттің бағасына да әсер етеді, бұрын Астанадан Алматыға дейінгі билет бағасы 10 744 теңге болса, 2 ақпаннан бастап, 9 886 теңгеге арзандайды. Шымкент бағдары бойынша да билет бағасы өзгереді: бұрын 7 464 теңге болса, енді 6 567 теңге", — делінген компанияның баспасөз хабарламасында.
"Фирмалық" мәртебесі келесі пойыздарда сақталады:
- № 9/10 "Астана — Алматы" ("Бәйтерек");
- № 37/38 "Астана – Маңғыстау";
- № 47/48 "Астана – Атырау".