АСТАНА, 29 қаңтар — Sputnik. Көпбалалы отбасында ұзақ жылдар бойы қорлық көрген қыздардың тағдыры бүкіл Ақтау халқын дүр сілкіндірді. Бұл хабар туралы жергілікті "Клуб добряков" еріктілері хабарлап, БАҚ-тан көмек сұраған.
Қаңтар айының соңында көппәтерлі үйден өрт шығады. Баспанасыз қалған тұрғындарға көмектесіп жүрген еріктілер көпбалалы анадан қандай жәрдем керек деп сұрағанда, әйел материалдық көмек қажет емес екенін айтып, бірақ зорлық құрбаны болған он төрт, он екі және он жастағы қыздарына психолог тауып беруді өтініпті. Қыздардың кенжесі – кішкентайынан жарымжан.
"Нашар отбасыда" болған сұмдықты көршілер де, мектептегілер де білген екен, алайда ешкім ешқандай шара қолданбаған.
Педофил әке
Бұл оқиға жайлы Ақтау тілшілері жазды. Қыздардың анасы 13 жасында жетім қалған. Сол кезде оны ата-анасының құрбысы – 26 жастағы ересек ұлы бар әйел қамқорлығына алыпты.
"Көп ұзамай жігіт жасөспірім қызды зорлап, ол 14 жасында тұңғышын, 16 жасында ортаншы қызын дүниеге әкеледі. Кейін басқа ер адаммен көңіл қосып, тағы бір жарымжан қызды өмірге әкелген. Содан соң үлкен қыздарының әкесіне қайта оралып, ұл бала босанады. Кейін төрт перзентін әкесіне тастап кетіп, жақында ғана бала-шағасын өз қолына алыпты", — деп жазды ИнАктау басылымы.
Әкесі пәтер жалдап тұратын досымен бірге бірнеше рет зорлағаны туралы анасына қыздардың өзі айтып берген.
Дәрігер зорлық жасалғанын растады
Қыздардың анасы еріктілердің қолдауымен ғана көмек сұрауға бел буыпты. Олар жасөспірімдерді емханаға апаруға жәрдемдескен.
"Қорытындыда 14, 12 және 10 жастағы үш қыздың да пәктігі жоқ екені жазылған. Үлкен қызым алғаш рет тоғыз жасында зорланыпты. Ал кенжем – 2018 жылдың желтоқсанында. Балалардың қынабы мен анал тесігіне зақым келген", — деп анасы тілшілерге дәрігердің қорытындысын айтып берді.
Абай ауылындағы зорлау ісі: күдіктілердің бірі видеоға түсіп қалды
Үлкен қыздар әкесінің зорлағанын айтса, кенжесі пәтер жалдап тұрушыны көрсетіпті.
Полиция арызды қабылдағысы келмеді
Дәрігердің қорытындысын алып Мұнайлы аудандық ішкі істер бөліміне барған әйелді құқық қорғаушылар шетқақпайлап, онымен қоймай үлкен қызына қысым көрсеткен.
"Бастапқыда арызды қабылдағысы келмеді. Кейін жеке емхана дәрігерінің қорытындысы айғақ бола алмайды, сатып алынған болуы мүмкін деді. Кабинетке сегіз полицей жиналып, үлкен қызыма қысым көрсетіп, дөрекі сұрақтар қоя бастады. Қызым қорқып, одан бетер тұйықталып кетті", — дейді Ирина портал тілшісіне.
Көршілері үндемей келген
Еріктілер ақпарат жинауға тырысқанда, педофилдің көршілері бар шындықты жайып салыпты. Ер адам балаларға тамақ бермей, ұрып-соғып, зорлаған. Қыздар оқитын мектептегілер де отбасында болып жатқан жайттарды білсе де, араласқысы келмеген көрінеді.
Қыздармен психолог жұмыс істейді
Тергеу жүріп жатқан кезде "Мейірім" атты кәмелеттік жасқа толмаған құрбандар мен қылмыс куәгерлеріне жәрдем көрсету орталығы қыздарға психологиялық көмек көрсететін болады.
"Бізге "Клуб добряков" еріктілері хабарласып, болған жайтты түсіндіріп, әрі қарай не істеу керектігін сұрады. Мен әуелі полицияның әйелдер мен балаларды қорғау бөліміне хабарласып, осы деректерді тексеруді сұрадым. Олар маған әлі қоңырау шалған жоқ. Бірақ қалай болғанда да қол ұшын береміз, қыздарға біздің орталықта психологиялық жәрдем көрсетіледі", — деді орталық басшысы Александр Муха Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Шымкентте ата-ана 3 жасар қызының балабақшада зорланғанын айтты
Sputnik Қазақстанға полицияның берген мәліметі бойынша, әйел адамның арызы қабылданып, қылмыстық іс қозғалған.