АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев еліміздегі ең жас көп балалы ана Жазира Тұрғыноваға 4 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көп балалы отбасын қабылдады.
"Көп балалы ана болу – үлкен мәртебе әрі құрмет. Бұл – адами ресурс және мемлекетіміздің басты байлығы. Біз көп балалы отбасыларды жұртшылыққа үлгі етіп, оларға қолдау көрсете беруіміз қажет. Мен мұндай отбасылардың жағдайын жақсы түсінемін", — деді облыс басшысы.
Әкімнің айтуынша, бүгінде табиғи өсім бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Қазіргі таңда облыста 134 мыңнан астам көп балалы ана бар екен. Оның 51 мыңнан астамы – "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері.
Түймебаев жас отбасыға Төлеби ауданы Ленгір қаласынан 4 бөлмелі баспананың кілті мен балаларға қыстық жылы киімдер табыс етті.
Жазира Тұрғынова – Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғыны. 27 жастағы келіншек 3 қыз, 4 ұлды дүниеге әкелді. Балаларының үлкені 11 жаста, ал кішісі бір жасқа енді толады.
Баспасөз қызметінің ақпаратынша, 2018 жылдың 1 желтоқсанында Түркістан облысы халқының саны 1 977 768 адамды құраған. Облыс республика бойынша туу мен табиғи өсім көрсеткіштері жағынан бірінші орында.