АЛМАТЫ, 23 қаңтар — Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері, "Алтын жүрек" номинациясының лауреаты Майра Ілиясовамен Sputnik қазақстан тілшісі әншінің шығармашылығы, 2019 жылға жоспары, Димаш Құдайбергеннің өнері жайында әңгімелесті.
Ең алдымен Астананың төрінен Алматыға екі күнге келсеңіз де, уақыт тапқаныңыз үшін көп рақмет. Әңгімемізді шығармашылығыңыздағы жаңалықтардан бастасақ. Келген 2019 жылға жоспарыңыз қандай?
Көпшілік "Сағындырған әндер-ай" жобасын Қазақстандағы нөмірі бірінші бренд концерт деп айтады. Осындай пікірді үлкен кісілерден жиі естимін. Еркеғали Рахмадиев ағамыздың бір Алматыға келгенінде "Майра, қалқам! Осы теледидарды қосып не көрерімізді білмей отырушы едік. Қазір "Сағындырған әндер-айды" көреміз" деп еді. Осы 10 жылда жинаған тәжірибеміз көп. Биыл қызыл кілем жасайын деп жатырмыз. 10 жылдан бері еңбегі сіңген әншілерге арнайы сыйлығымыз бар. "Сағындырған әндер-айға қосқан үлесіңіз үшін" деген алғыс хат пен арнайы статуэткамыз бар. Концерттің тағы бір ерекшелігі — үлкен әнші мен жас әншілердің бірге ән айтуы. Бұл жолы орта жастағы әншілер бірге ән айтуы мүмкін. Одан кейін 8 наурызда жылдағы әдетімізден жаңылмай, "Жан анам" қайырымдылық концертін өткіземіз. Жыл сайын жиналған қаржыны бір науқас баланың еміне беріп отырамыз.
Білуімше, Қазақ ұлттық өнер университетінде дәстүрлі өнер факультетінің деканысыз. Әнші әрі продюсер, авторлық жобаларыңыз бар. Астанаға қоныс аудардыңыз. Тағы қандай жобаларыңыз бар?
Иә, дәстүрлі өнер факультетінің деканымын. Ректорымыз – Айман Мұсаходжаева. Сол кісінің сұрауымен Астанаға көштім. Келген бойда маған үш бөлмелі пәтер берілді. Қазір сол жерде жұмыс істеймін. Деканмын әрі сабақ беремін. Бір өкініштісі, қол байлаулы. Декан болғандықтан кабинетте отырасың, құжаттарға қол қоясың. Ол творчестволық жақтан қол байлайды. Факульетте жиі кездесу мен ән кештері өтеді. Ректор шақырғанда болуың керек. Студенттердің тәртібін қадағалайсың. Кейде тыпырлап қалам. Факульетте декан болуға лайықты кісілер бар. Осы жайында басшылыққа айтып, декан болудан бас тартсам ба деп жүрмін. "Сағындырған әндер–ай" мен "Жан анамнан" бөлек тағы екі авторлық жобам бар. Соның бәріне уақыт керек.
Тағы оқыңыз: Министрлік Роза Рымбаеваның мәлімдемесіне қатысты жауап берді
Ол қандай жоба?
Алматыда 2000 жылы ашқан балалар мектебім бар. Астанаға көшер кезде сенімді шәкіртіме тапсырдым. "Жұлдыз болғың келсе" деген конкурс өткіземіз. Мектептің ашылуына ата–аналар себепші болды. "Қандай конкустар бар? Балаларымызды қайда апарамыз?" деп жиі келетін. Қарасам, балалар махаббат жайлы ән айтады. Сахнада өзін қалай ұстау керек екенін білмейді. Қазір ойлап отырсам, құбылмалы кезеңде мектеп ашыппын. Дағдарыс кезінде "Сағындырған әндер–айды" қолға алдым. Бұйыртса биыл Астана қаласынан менің өнер мектебім ашылады. Дайындық үстіндеміз. Одан бөлек тағы 5 облыстан ашып жатырмыз.
Эстрада мен дәстүрлі өнерді қатар алып жүрген жансыз. Ұстаз екеніңізді жоғарыда атап өттік. Сізге жиі сын айтыла ма?
Иә, менің эстрадаға келгеніме 15 жылдан асты. Оған дейін мен Құрманғазы мен Отырар оркестрімен ән айттым, Сазген ансамблінде 20 жыл әнші болдым. Ансамбльмен айтып жүрген адамға эстрада таңсық емес. Алайда мен эстрадаға келген кезде "Майра домбырасын тастап, жырық көйлек киіп, эстрадаға шығыпты" деген пікірлер айтылды. Мұны айтқан кісілер мені эстрадаға қимаған шығар деп ойлаймын. Алайда мен домбырамды тастаған жоқпын. Жырық көйлекті одан кейін кимейтін болдым. Сахнаға кең етек көйлегіммен шығамын. Менің әр концертімде домбырамен бірнеше ән айтатынымды тыңдармандарым біледі. Үлкен кісілер де етегі жабық деп мені жақсы көреді. Менің әнімді жақсы көреді.
Тойға жиі шақыра ма? Қандай тойға көп шақырады?
Мен қазір Астанада тұрамын. Алматыға келуімнің бір себебі – той. Мені барлық тойға шақырады: тұсау кесер, үйлену той. Менің өлеңімді, өнерімді сүйетін тыңдарман қандай той екеніне қарамайды. Көп байқайтыным, мені 50 жас, 60 жас, 70 жас секілді тойларға жиі шақырады. Мені үлкен буын жақсы көреді. Шақырған жерден қалмаймын десем болады. Мен ертеректе облысқа 4 мың долларға, Алматыда 3 мың долларға тойға барып жүрген кезде бір сайт "Майра Ілиясова мың долларға шығады екен" деп жазды. Сол журналистерді табуға уақытым да болмады.
Сөз арасында әншілердің ішінде мен және Ұлықпан Жолдасов бақытты адамдармыз деп қалдыңыз. Неге?
Ұлықпан – Димаштың кіндік әкесі, Айған – кіндік шешесі, ал мені Қытайға Димашпен бірге мәдениет министрі мен ректор Айман Мұсаходжаева жіберді. Мен ылғи Димаштың жанында жүрмін. Америкаға да бірге бардық. Өзім Димашты өте жақсы көремін. Өткен жылы біздің өнер университетін аяқтады. Димаш – өте ақылды, ғажайыптан туған бала.
Әңгімемізді Димаш Құдайбергеновке аударсақ. Ринат Зайытов бір сұхбатында "Димаштың образын қалыптастырған кім? Қытай… Олар біздің баланы өзімізге қарсы пайдаланып жатыр. Мұның дәл осылай болатынын білгенмін. Бұл – болған практика. Бірақ Димаш Қазақстанда жүргенде бір адам қолынан жетектеп, сол байқауға апарды ма? Ал енді мақтануға мәзбіз. Біздің бала деп жатырмыз… Ал қазір Димаш Құдайбергенов – Қытай саясатының құрбаны" деген болатын. Және "Саз әлемінегі" Ринат Зайытовтың пікірі әлі күнге дейін ғаламтордан түспей келе жатыр. Осы жайында не айтасыз?
Бұл – Ринаттың сауатсыздығы. Егер Ринат әнші болса, өнерге бір табан жақын болса, ондай әңгіме айтпас еді. Бүкіл дүниені мойындатып жатқан, мықты профессор, әлемдік деңгейдегі мамандардың бағасын алып жүрген Димашқа неге ондай пікір айтады? Бұл өзі біздің қазақтың тарихында бар. Болсын демейміз, етектен тартамыз. Димашқа мүлдем қатысы болмаса да, аузына келгенді айтып жатыр. Ал оған қара халық бетке айтты деп қол соғады. Кейбіреу оның сөзін де түсініп жатқан жоқ. Ринатқа ондай сөз айту ұят. Қандай Қытай Димаштың шоқпарын соғып отыр?
Бұл жерде журналистердің де қателігі бар. Рейтинг, шоу үшін айтылмағанды айтты деп, түймедейді түйедей етіп жетізеді. Сол секілді Димаш халықаралық конкурсқа Қытайда емес, Англияда қатысса да дәл солай танылушы еді. Дәл солай өзіне лайық бағасын алушы еді.
"Әйел дауыстыларды жек көремін" деген Ринаттың тағы бір пікірі бар. Ол әйел дауыс емес. Ол біздің тарихымызда бар. Бізде жоғары нотада айтатын Ерік Құрманғалиев болды.
Біз – әншілер деген үлкен қоғамбыз. Біз – бір армиямыз. Егер осы ісін қоймайтын болса, біз оны тоқтата аламыз. Ринат – семейлік менің жерлесім, бауырым. Жарқырап шыққан кезде барлығымыз Ринатжан деп қолдадық. Құрмет көрді. Қазір дәл сол құрметті Димаш көріп жатыр.
Тағы бір өкініштісі, көрермен әртүрлі болады. Үйде отырған адам, оқымағандар да, делебесі қозып қол соғатындар да бар. Әр адам өз саласының хирургі, сол саланы сынауына болады. Ешкім өзі білмейтін саланы қозғамағаны дұрыс. Бүкіл әлем мойындап отырған Димашты түкке тұрмайтын арзан әңгімемен сынаудың қажеті жоқ. Димаштың да жүрегі ауырады ғой. Осы әрекеті үшін мен Ринат үшін ұялдым.
Димаш алдымен өзін қазаққа танытты. Ал Қытай мен Ресейдің, Англияның жасаған жарнамасына біздің шашымыз жетпейді. Қазақ қазақты мойындау үшін Қытайды мойындатуы керек болды деген пікірмен түбегейлі келіспеймін. Бізге жарнама жетіспеді. Мысалы Бибігүл ападай бұлбұл әлемде жоқ. Апай он шақты жыл болып қалды халықаралық конкурс ұйымдастырады. Мен өз еркіммен демеуші болдым сол конкурста. Қарап отырсам, бір шетелдік әнші Бибігүл апаның "Бұлбұлын" орындай алмайды. Бір қазақтың әншісі орындай алмайды. Бұлбұлдың шықылықтауын тек Бибігүл апайға ғана берілген.
Тағы оқыңыз: Бибігүл Төлегенова туралы не білеміз?
Ешкімге ұқсамайтын мектеп ашуды қолға алып жатқаныңызды айтып қалдыңыз. Тағы қандай арман, жопарларыңыз бар? Бала армандарыңыз орындалды ма?
Қазіргі арманым — мектеп ашу. Жоспарыма жазып қойдым. Ендігі бір арманым "Әнші Майра ауылын" салғым келеді. Атын бала күнімде қойғанмын. Ол жерде менің театрым, менің мейрамханам болса деймін. Концерт көруге келген халық ұлттық тағамнан дәм татып, қымыз ішуге келетін болса деймін. Бала кезден тағы бір арманым бар, ол бір тағамымның аты – Бибігүл, бірі – Роза, бірі – Мақпал, бірі – Нағима болса деймін. Келген жұрт әнші Мақпалдан дәм татайық десе, жақсы емес пе?! Әзірленетін астың құрамын да өзім ойлап тапсам деймін. Екіншісі – "Әнші Майра театрын" ашу. Дәстүрлі музыка, фольклорлық өнердің ошағы болуын қалаймын. Мүмкін үкімет көмектесіп қалар. Көпшілік "Сағындырған әндер–айға" қарап бір министрліктің жұмысын істеп жүрсіз деп жатады.
Қандай әжесіз?
Мен "Сазген" ансамблімен шетелге ерте шықтым. 1986 жылдар болуы керек. Ағылшын тілін білмейміз. Шетелде су, нан сұрап жей алмаймыз. Қызым Тоғжан екінші сынып оқып жүрген кезде соңғы ақшамызды оның ағылшын тілін үйренуіне жұмсадық. Ол кезде күйеуім екеуміз пәтер жалдап тұратынбыз. Қызым үмітімізді ақтап үш тілде жетік сөйлейді. Қызымның өнер жолына қызығушылығы болған жоқ. Өзі таңдаған мамандықта білім алды. Бірнеше жыл өз саласында жұмыс істеді.
Немерелеріңіздің өнер адамы болғанына қалай қарайсыз?
Менің жекеменшік бір немерем бар. Қыздан туған немере жиен болады, бірақ мен жиен деп қарамаймын. Құдам екінші немерені шын көңілімен "мынау сіздің балаңыз" деп берді. Ол да менен басқа ешкімді мойындамайды (күледі). Ән айтады, би билейді. Биылдан бастап маманмен арнайы дайындыққа барып жүр. Төртеуі де өнерге бейім. 10 айлық немерем де ыңылдап жатады. Кезінде қызым Тоғжанды биге бердім, ол бір күннен кейін биге бармай–ақ қояйыншы деді. Мен ештеңе деген жоқпын. Баланы қинауға болмайды. Мен еркіндік беріп өсірдім, қызым одан жаман болған жоқ. Балалар да өз таңдауын уақыты келгенде жасайды.
Әңгімеңізге көп рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!