АСТАНА, 23 қаңтар — Sputnik. Астанада сегіз бірдей дүкені бар "Алма" сауда желісі жабылып, жұмысшыларының жалақысын бермей қойған. Сатушылар мен кассирлер жалақысын кімнен дауларын білмей сенделіп жүр.
Құжат бойынша желтоқсанның 31-інде жұмысын тоқтатқан дүкен іс жүзінде есіктерін енді ғана жапқан.
Біреулер желтоқсан айының жалақысын толық алмаған, енді біреулер тіпті бір тиын да көрмеген. Немесе берген жалақысын там-тұмдап ұстап қалған, деп хабарлады КТК.
"Жалақымды дұрыс бермеді. 5 мыңдай алып қалды. Мені осылай қорлағаны үшін үш айлық өтемақымды беруі керек қой, компенсация деген қайда?!", — дейді сатушы Рысай Қуаныш.
Әдетте ішіп-жемнің түр-түрі самсап тұратын сөрелердің бүгінде сұрқы басқа. Тап-тұйнақтай етіп тазалап кетіпті. Дүкеннің іші осылай болып жатқанда сұмдықтың көкесі төменгі жертөлесінде екен. Азық-түлік сақтайтын қоймалары мен ас дайындайтын бөлмелері толығымен антисанитария. Балық сақтайтын тоңазытқыштың ішінен қолқаны қабатын қолаңсы иіс шығады. Басқа қоймаларының да санитарлық талапқа сай келіп тұрғаны шамалы. Жағдайды басшылардың өз аузынан есту деген арманға айналған.
Олардың орнында жүрген жалғыз меңгеруші ғана.
"Оларды табельге тіркеуді ұмытып кетіпті. Неге екенін білмеймін. Жағдайды тек қаржы директоры ғана шеше алады. Кеше сөйлестім, бүгін жалақыларын беремін деген. Енді таппай отырмыз. Таңертең полицияға әкеткен. Қазір қайда екенін ешкім білмейді", — дейді дүкен меңгерушісі Фатима Тичоева.
Сатушылар енді қалалық еңбек инспекциясына арызданып отыр.