Мәдениет

Күнәсін Құдай кешірсін: Төреғали өзінің тірі екенін дәлелдеуге мәжбүр болды

Жазылу
Төреғали Төреәлі жалған ақпарат таратқандарды өтірік сөйлемеуге шақырды

АСТАНА, 22 қаңтар — Sputnik. Танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі әлеуметтік желі арқылы халқына өзінің аман-сау екенін жеткізді. Бірнеше күннен бері желіде оның қайтыс болғаны туралы хабар тарап жатыр еді. 

Күні кеше әлеуметтік желідегі топтардың бірінде жарияланған жаңалық Төреғали Төреәлінің тыңдармандарын дүрліктірді. Себебі, онда әншінің қаза болғаны туралы жазылған еді. Алайда, жұлдыздың өзі мұны жоққа шығарып, Instagram желісіндегі парақшасы арқылы дін-аман екенін жеткізді.

Әнші әдеттегідей өзінің жай-күйі туралы қара өлеңмен айтты.

Төреғали Төреәлі, қазақстандық әнші - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Сөзім жоқ!": Төреғали сахнаға шыққан балаларды теуіп жіберді - видео

"Бір Алланың құлымын,

Ұлы даланың ұлымын.

Ассалаумағалейкум

Ағайын мен тірімін!

Ешқандай апат болған жоқ

Үзілген де жоқ жұлыным.

Күнәсін Құдай кешірсін

Өтірік айтқан құлының.

Разылығы үшін Алланың

Кешірдім мен де қылығын.

Тірідей етін жемесін

Қазақтар бір-бірінің.

Жалған сөйлеуді қойыңдар

Одан да тілеп қойыңдар

Тәңірім ұзақ қылсын деп

Төрештеріңнің ғұмырын!" — деп жазды ол.

Әншіден амандығы туралы хабар алған желі қолданушылары қуанышында шек жоқ екенін жарыса жазып жатыр. Сондай-ақ, арасында әнші туралы жалған ақпарат таратқан сайтты сотқа беруге кеңес бергендер де болды.

"Басқаларға сабақ болуы үшін жалған ақпарат берген адамды тауып, халық алдында жазасын беру керек", "Ұйқыңнан оянып, таңертеңгі жаңалықтардан өзіңнің о дүниелік болғаныңды оқыған сұмдық шығар?! Жұлдыз болмағаным қандай жақсы. Өмір жасың ұзақ болсын!", "Бауырым, інішегім, аман болшы әрқашан", "Ғұмыр жасың ұзақ болсын! Жүзге кел!", "Адамды шошытты ғой! Аман бол! Алға, қазағым", "Алла сақтасын! Жүрегім ұшып шошып кеттім ғой. Өлім өз уақытында келсін. Аман жүр, бай-бақуатты бол!" деп жазды желі қолданушылары.

Әнші туралы жалған хабар таратқан сайт мұның алдында да осы мазмұндас жаңалықтарды бөліскен-ді.

Жаңалықтар
0