АСТАНА, 21 қаңтар — Sputnik. Танымал рэпер Дулат Мұхаметқалиев Қазақстанда Димаштың өнерін шын бағалап, қолдау көрсеткендердің аз болғанын айтты. Сондай-ақ, ол әншінің өз күшімен көтерілгеніне назар аударып, неліктен Қазақстанда онымен ешкім келісімшарт жасаспай отырғанын түсіндірді.
"Димаш өз күшімен көтерілді. Осы тұста "Димаш Қытайға барып көтерілмей тұрғанда қайда болдыңдар бәрің?!" деп әңгіме айтуға болатын сияқты. Неге онымен Қазақстанда ешкім келісімшарт жасаспайды? Себебі, Қазақстанда ешкім классиканы түсінбейді және түсінгісі келмейді", — дейді ZAQ "ПайымDAU" бағдарламасына берген сұхбатында.
Рэпер отанында классиканы жоғары бағаламаса да, Димаштың танымалдылығы артқаннан кейін бұл жанрды сүйіп тыңдайтындардың қатары көбейгенін айтады. Мұнымен қатар, ол Қазақстанда танымалдылыққа ие болу үшін не істеу керектігіне тоқталды.
"Ешкімге керек емес классика аяқ астынан мейнстрим болып кетті. Әрқайсысы youtube желісінен бір көріп "Мынаны қарашы" деп айтады. Бірақ қазақтар осылай айтуы үшін, алдымен, қытайлар "Вот это кайф" деп айтуы керек болды. Бұдан өзге "Қазаққа тән емес", "Мен қазақпын" деп айтуың керексің", — дейді Дулат Мұхаметқалиев.
Тағы оқыңыз: Димашпен кездескен жаңазеландиялық әжейдің өмірі қалай өзгерді?
ZAQ желіні шулатып денесін жартылай жалаңаштап, басына сәукеле киген Шолпан есімді аруға да қатысты пікір білдірді. Айтуынша, бойжеткеннің бұл әрекеті мүлдем көңіліне жақпайды. Сондай-ақ, ол оның желі қолданушылары тарапынан мұндай назарға мүлдем лайық емес екенін айтып өтті.