АСТАНА, 21 қаңтар — Sputnik. Алматыда Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері мен тағы екі күдікті тұлғаны қылмыс үстінде ұстады.
Ұсталған адамдар ірі көлемде пара бопсалады деген күдікке ілінді.
Бұл адамдар, алдын ала болжам бойынша, "БТА Банк" АҚ директорлар кеңесінің төрағасынан 1 миллион АҚШ долларын алаяқтық жолмен бопсалаған. Олар бұл ақшаға Бас прокуратурада қаралып жатқан қылмыстық істі шешіп беруге уәде еткен.
"Бұл ретте, Д.Ысқақов осы қылмыстық іс бойынша Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобының құрамына кірмеген. Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты Д.Ысқақов, Д.Әлпиев және Э.Сүлеймановтарға қатысты "қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", — деп жазылған хабарламада.
Іс бойынша қажетті тергеу шаралар жүргізілуде.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.