Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 20 қаңтар

© Sputnik / Владислав Воднев20 қаңтар
20 қаңтар - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл – Григориан күнтізбесіндегі 20-шы күн. Жыл соңына дейін 345 күн қалды.

20 қаңтарда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен әйгілі екенін Sputnik Қазақстан дерекқорынан тыңдаңыз.

            20 қаңтарда қандай қызықты оқиғалар болды

2012 жылдың қысынан бастап қаңтардың жексенбі күндерінің бірінде Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) бастамасымен жаңа мереке – Дүниежүзілік қар күні (World Snow Day) тойланады. Басқаша атауы – Халықаралық қысқы спорт түрлері күні. Мейрамның мақсаты – қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырып, жастарды белсенді өмір салтына үйрету. FIS пайымдауынша, бұл күні "қар фестивальдері" өтуі тиіс, балалар мен ересектер коньки, шаңғы немесе сноуборд жарыстарына қатыса алады. Ұйымдастырушылар "бұл күні бүкіл жұрт қардың қызығына қарқ болып, жаңа таныстар тауып, жарыс ретінде ғана емес, уақытты қызықты өткізу жолы ретінде қабылдана бастаған қысқы спорт түрлерімен құмары қанғанша айналысады" деп санайды.

Ал АҚШ-та бүгін Ірімшікті сүйіп жейтіндердің ұлттық күні. Америка азаматы орта есеппен жылына 14 келі ірімшік жейтінін білесіз бе? Бұл сізге көп болып көрінетін шығар, бірақ француздар  жылына адам басына шаққанда 23 келі ірімшік жейді екен. Әлемде ірімшіктің 900-ден астам түрі бар. Олар тығыздығына қарай түрленеді. Ірімшіктің түрлеріне мысал келтіре кетсек: жаңа ғана әзірленген ірімшік – рикотта, жұмсақ ірімшік – фета, жартылай жұмсақ ірімшік – фонтина, жартылай қатты ірімшік – гауда, қатты ірімшік – чеддер, кілегей ірімшік – Брилья-Саварен, көгерген ірімшік – горгонзола, тұздық ірімшік – лимбургер, сырты көгерген ірімшік – Бри. Адамдар ірімшікті 8000 жылдан астам уақыт бойы әзірлеп келеді. Мәселен, швейцариялық ірімшік – эмменталь біздің дәуіріміздің бірінші мың жылдығында ойлап табылған. Ірімшікті сүйіп жейтіндердің ұлттық күнін атап өту үшін, жергілікті ірімшік цехына барып, сүйікті ірімшігіңізді сатып алып, дәмді ас әзірлеңіз.

Сонымен қатар, бүгін – Таңғажайып кездейсоқтық күні. Әр адамның өмірінде неше түрлі тосын жайттар болып жатады, оның ешқандай ғылыми түсініктемесі болмағандықтан, көпшілік кездейсоқтық деп қабылдайды. Мысалы, сіз ескі досыңыз туралы ойладыңыз, ал ол сол сәтте сізге қоңырау шалды. Немесе үйде отырып, ақшаны қайдан алсам деп басыңыз қатып отырғанда, аяқ асты біреу қарыз береді, күтпеген жерден ақша түседі… Мұндай оқиғалар күнделікті күйбең тіршілікте бола береді. Бірақ кейбір жайттардың таңғажайып әсер қалдыратыны сонша, адамның ақылына сыймайтын жоғарғы күштерге сене бастайсың. Табиғат пен ғылымның заңына қарамастан неге бұлай болады? Өздеріңізге белгілі, біздің әлем – тұтас бір матрица деген тұжырым бар – виртуалды модельденген шынайылық. Бірақ солай екені рас болса, оған дәлел бар ма? Айғақтардың бірі осы бір таңғажайып кездейсоқтықтар болуы әбден мүмкін.

            20 қаңтарда әлемде болған тарихи оқиғалар

1841 жылы британ әскері Гонконг қаласын басып алды;

1892 жылы алғашқы баскетбол матчы өтті (Спрингфилд, Массачусетс, АҚШ);

1944 жылы Ұлыбританияның Әскери әуе күштері Берлинге 2300 тонна бомба тастады;

1921 жылы Дағыстан АКСР құрылды, қазір Дағыстан Республикасы деп аталады.

            20 қаңтарда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1919 жылы Верный қаласында (Алматы) жыршы ақындардың слеті өтті. Оған Жамбыл Жабаев қатысқан.

1994 жылы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан тұңғыш телевизиялық хабар тарату ғарыш аппараты "Галс" ұшырылды.

            20 қаңтарда әлемде дүниеге келген танымал тұлғалар

1946 жылы америкалық кинорежиссер, музыкант, сценарист, америкалық тәуелсіз кинематограф өкілі Дэвид Линч дүниеге келді. "Алтын пальма бұтағы" сыйлығының  (1990), Канн кинофестивалі сыйлығының (2001) және "Алтын арыстан" сыйлығының (2006) лауреаты. Құрмет легионы орденінің офицері (2007);

1952 жылы кеңестік және ресейлік эстрада әншісі, актриса Ирина Аллегрова дүниеге келді. Ресейдің халық әртісі (2010);

1976 жылы ресейлік балет бишісі және қоғам қайраткері Анастасия Волочкова дүниеге келді;

1986 жылы тележүргізуші, радио жүргізушісі, модель, актриса және әнші Ольга Бузова дүниеге келді.

            20 қаңтарда Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1928 жылы опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Кеңес Бейсалиев дүниеге келді;

1950 жылы ғалым, философ, Еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының, Италияның экономика және әлеуметтану академиясының, Қазақстанның педагогика ғылымдары академиясының, Халықаралқ ақпараттандыру академиясының академигі Владимир Коченов дүниеге келді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің құрметті профессоры;

1954 жылы әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова дүниеге келді.

            Ай күнтізбесі

Ай Шаян белгісінде орналасады. Жаяу жүріп серуендеуге, кез келген сапарға аттануға қолайлы күн. Ескі-құсқы, тозығы жеткен қажетсіз заттардан арылған дұрыс

Жаңалықтар
0