АСТАНА, 18 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыластары – орта салмақтағы чемпион Сауль "Канело" Альварес пен IBF титулының иегері Дэниэл Джейкобс рингте кездеседі. Үздік боксшылардың арасында жекпе-жек 2019 жылдың 4 мамырына жоспарланған.
Алдағы жекпе-жек туралы боксшылардың өздері мәлімдеді. Дегенмен қай қалада және қандай аренада өтетінін хабарлаған жоқ, деп жазды sports.kz.
"Синко Де Майо (Мексиканың ұлттық мейрамы – Sputnik) қарсаңында келесі жекпе-жегімді өткізетінімді қуана хабарлаймын. Жеңімпаз атанатыныма күмән келтірмеймін, сонда орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атағына бар-жоғы бір қадам қалады", — деп мәлімдеді Сауль "Канело" Альварес.
Ал америкалық Дэниэл Джейкобс бұл кездесуді көп күткенін және жеңісті қолдан бермейтінін айтты.
"Бұл мүмкіндікті көп күттім. "Канелоны" жеңетініме әрқашан сендім, 4 мамырда оны дәлелдеуге мүмкіндік аламын", — деді Джейкобс.
Айта кетейік, бұған дейін екі боксшы да бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен кездескен. 2018 жылдың қыркүйегінде екінші жекпе-жекте мексикалық Сауль Альварес GGG-ді жеңіп, барлық белбеуін тартып алды.