АЛМАТЫ, 14 қаңтар — Sputnik. Жамбыл облысының тумасы Нұралы Қиясов Денис Тенді өлтіргенін мойындап, қалай қылмыс жасағанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
Қиясов Құдайбергеновпен 2018 жылдың ақпан айында Рысқұлов пен Петров көшесінің қиылысында танысқанын айтты. Сотталушы Толыбаеваны мәнерлеп сырғанаушының өлімінен бірнеше күн бұрын құрбысы арқылы білген.
Қиясов өзінен жүкті Мансура есімді қызбен романтикалық қарым-қатынаста болған. Ер адамға оған көмектесу үшін ақша іздеген.
"18 шілде күні шамамен 17:00-де үйге келдім. Үйде Жанар, Арман және ағам мен жеңгем болды. Сағат 18:00-ге жақын уақытта Жанар моншаға кетті. Арманмен жеке қалған кезде одан ақша сұрадым. Маған Мансураның дәрісі мен коммуналдық қызметке ақша керек болды. Бірақ Арманда ақша болмады", — деді Қиясов.
Шілденің 18-нен 19-на қараған түні Құдайбергенов, Қиясов және Толыбаева үшеуі дүкенге барады. Қиясов пен Толыбаева көліктің маңында қалып, Құдайбергенов сауда жасауға кетеді.
Тағы оқыңыз: Сотта Денис Теннің неден көз жұмғаны айтылды
Құдайбергенов достарына пышақ сатып алғанын хабарлайды.
"19 шілде күні жалдап тұрып жатқан пәтерден шықтық. Мен қаланы білмегендіктен, Арман маған қайда бару керектігін айтып отырды. Тұрақта тұрған үш көлікті көрдік. Арман солардың айнасын шешіп алуға болатынын айтты. Ол бастапқыда маған көлік ішінде қалуды ұсынды, бірақ мен өзім соңынан шықтым. Мен де көргім келетінін айттым. Жанар да бізбен бірге шықты", — деп жауап берді Қиясов.
"Біз көлікке жақындадық, ол көліктің сол жақ айнасын шешіп сөмкеге салды. Сол сәтте адамдар көп болғандықтан, біз тоқтадық", — деді сотталушы.
Қиясов жиектасқа отырып шылым шеккенін, көлік жаққа қараған кезде төбелестің басталып кеткенін көргенін айтады.
"Арман екінші айнаны шешіп алды. Шамамен жеті метрдей жерде болдым. Кейін көліктің иесі келіп қалғанын түсіндім, бірақ оны байқамадым. Мен көліктің арт жағында отырдым, ал төбелес алдында болып жатқан еді. Төбелесті Денис Тен бастап, Арман оны белдігін шешіп алып ұра бастады", — деп еске алды қайғылы оқиға болған күнді Нұралы Қиясов.
Қиясов Құдайбергеновтің жаттығу алаңына қарай жүгіргенін көрген. Денис Тен оны қуып жетеді. Құдайбергенов оның уысынан шығып қашқанымен, Тен соңынан қуа береді.
Тағы оқыңыз: Полицейлер күдіктілердің Денис Тенді өлтіріп жатқанын көрген
"Куәгерлер айтқандай мен оның соңынан жүгірген жоқпын. Арман қаша алады деген үмітпен жиектаста отыра бердім", — деді сотталушы.
Арман Құдайбергенов тордың маңында құлап, Денис Тен оны ұрады.
"Мен соңынан жүгіріп барып Денисті қолынан тартып қалдым. Қолымда Арманның сөмкесінен алған пышақ болды. Сол сәтте ол қашып кетер деген оймен қорқытпақ болдым. Бірақ Тен қашпады және қорықпады. Артынан келіп қалай пышақ сұғып алғанымды өзім де түсінбей қалдым. Денис Тен тоқтады, мен Арманға қарадым — ол торға сүйеніп отырды. Ол тұрып жүгірген кезде мен де жүгірдім. Пышақты оқиға болған жерден 20 метр қашықтықта тастадым", — деді Қиясов.