АСТАНА, 9 қаңтар – Sputnik. Қарағандыда жас жігіттің өлімімен аяқталған төбелеске қатысы бар күдікті Нарек Гурурян ұсталды, деп хабарлады Қазақстанның ішкі істер министрлігі.
Армения азаматы Омбы облысының аумағында ұсталған.
"Бүгін Қазақстан ІІМ криминалды полиция қызметкерлері Ресейдің құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Омбы облысының аумағында Қарағандыда жасалған бұзақылық пен адам өліміне күдікті Армения азаматы Нарек Гурурянды ұстады", — делінген ІІМ баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Қазіргі таңда күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.
Еске сала кетсек, бүкіл елді шулатқан оқиға 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні таңғы төрттер шамасында Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында болды.
Мейрамханаға Жаңа жылды қарсы алуға келгендер мен персонал арасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласқан. Салдарынан төрт адам пышақ жарақатын алды, бір жас жігіт көз жұмды.
Полиция бұзақылық әрекеттері үшін және 23 жастағы жігіттің өліміне күдікті ретінде 8 адамды ұстап, қамады. Күдіктілердің бірі Армения азаматы Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланды. Ол 1 қаңтар күні кешкі 22.00-ден кейін Павлодар облысындағы бекет арқылы Ресей аумағына өтіп кеткен.
Министрлік Қарағандыдағы қанды оқиғаға не себеп болғанын айтты
7 қаңтар күні 21 жастағы күдікті желіде бейнеүндеу жариялады. Онда Гурурян Қазақстан билігіне берілуге дайын екенін мәлімдеп, адам өліміне қатысы барын жоққа шығарды.