АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Қазақ халқы әрдайым "Бесігі жоқ үйде береке болмайды" деп айтқан. Баланы бесікке салған кезде елді жиып, батасын алмау — бауырмал қазақ үшін жөнсіздік болып көрінген. Бесікке бөлеу — үлкен өнер. Ол баланың ұйқысын күзетіп қана қоймайды, халық сенімі бойынша оны жын-шайтаннан да қорғайды. Алайда соңғы жылдары дәрігерлер бесіктің сәби денсаулығы үшін зиян екенін де айтып жүр.
Қазақ қоғамында сонау ықылым замандарда бесікке бөлеу және бесік жырын айту сынды дәстүрлердің болғанына дәлелдер көп. Еңлік-Кебек жырында бесік құда туралы, Қобыланды жырында "Алтыннан бесік қойдырып, ақ торғынға бөлеген" деп жазылған. Бұдан өзге Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" эпопеясында:
Қорқытпа менің баламды,
Гулей соққан ақ боран.
Балам әже қойнында,
Келе алмайсың сен бұған, — деп басталатын бесік жырын кездестіруге болады. Мұның барлығы қазақ қоғамының қай кезде де баланы бесікке бөлегенін көрсетеді. Бұдан өзге де бесіктің түп-тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін аңыз-әфсаналар көп.
Аңызға сүйенсек, бесікті алғаш рет Алтай мен Жетісу аймағында Айырқалпақ Айдахар би заманында жасаған. Айдахар бидің әкесі қазақтың дархан даласында ағаш егуді кәсіп қылған Мизам Баб болған. Ол 150 жыл өмір сүріп дала өркениетін өзінің бау-бақшасымен таңғалдырған. Алайда ол мәңгілік сапарға аттанғаннан кейін қытайлықтар қызғаныштан Мизам Баб күтіп, суарған орманды өртеп кетеді. Ал бұл кезде Айдахар би алыс сапарда жүрген. Ол нулы тоғайдың жапан далаға айналғанын көріп қатты қапаланады. Амалсыз ағаш қалдықтарын сүйретіп, үйіне барады.
Бірде Айдахар бидің перзенті тоқтамай жылап, ең атақты деген емшілерге апарады. Бірақ олардың ешқайсысы да нәрестеге көмектесе алмайды. Нәресте өзін өртенген орманнан қалған ағаштарға салып тербеткен кезде ғана жылағанын тоқтатқан екен. Ал ағашқа салып бейтаныс ақсақал тербеткен. Айдахар би нәрестені тербетіп отырған ақсақалға жақындай берген кезде ол көзден ғайып болып кетіпті. Осыдан кейін Айдахар би баласына әкесі баптап-күткен ағаштан бесік жасап береді. Осылайша бесік көп ұзамай көшпенді халықтың ажырамас бөлігіне айналады.
Тағы оқыңыз: Тұсаукесер туралы не білеміз?
Бесік — қазақ халқының ғана меншігі емес, Еуразия аймағындағы барлық ұлттың тарихына сіңген дәстүр мен ұлттық бұйым. Қытай, Түркия, Үндістан, Кавказ және Орталық Азияны мекендейтін халықтардың көп бөлігі бесікті пайдаланған. Алайда олардың әрқайсысының бесігінің құрылысында өзгерістер бар. Уақыт өте келе шеберлер бесікті тобылғыдан ғана емес, қарағай мен қайыңнан жасай бастады.
Сәбиді қай кезден бастап бесікке бөлеуге болады?
Әдемі жиһаз, арнайы көрпе мен ою-өрнек, күміспен кестелеп тігілген жапқыш. Бесікті безендіріп, оған сәбиді бөлеу құрметі көпбалалы, ел ішінде құрметке ие әйелге беріледі. Әдетте бесікті босанған әйелдің туыстары алып келеді. Бұл дәстүрді орындау кезінде әйелдердің көп болуы ана мен баланың арасындағы тығыз байланысты сипаттауы мүмкін. Бесік баланы емізу үшін де ыңғайлы.
"Тыштырма" — бесікке бөлеу рәсімінің ажырамас бөлігі. Жүргізуші бесіктің түбегі арқылы "Тышты ма?" деп тәттілерді жерге тастайды. Осы сәтте қонақтар бірауыздан "Тышты!" деп айтып, нәрестенің нәжісі іспеттес кәмпит, жаңғақ және т.б.-ларды алып жейді. Бұдан нәрестенің нәжісі жоғары бағаланғанын байқауға болады. Адамдардың ересек шақта түсінде нәжіс көріп, оны байлыққа жоруы осымен де байланысты болса керек. Яғни нәжіс ақша мен байлықтың символы іспеттес.
Бесіктің басты бөлігі ретінде арнайы керамикалық түбекті алуға болады. Осылайша қазақ сәбилері өзінің жынысын білмейтін кезеңнен ерте өтіп кетеді. Әдетте бала 2-3 жасынан бастап жыныстық айырмашылығын байқай бастайды.
Бесіктегі сәбиді суық алмайды, күн шалмайды
Керуен жылжыған кезде бесікті жылқыға байлаған. Бұл кезде айналадағы шуға қарамастан, сәбилер тыныш ұйықтаған. Көшпенділер үшін бесік бала бағуда таптырмас дүние болды.
Ағаштан 50 түрлі аспап жасап жүрген шебер Нұржан Ділмәнов бесік жасаудың асқан төзімділікті талап ететін іс екенін айтады. Себебі, мұндағы басты талап — бесіктің сәби үшін барынша жайлы болуы.
"Бесіктің табаны мен арқалығы талапқа сай жасалған кезде ғана, сәбидің бойы талдай түзу, тарыдай мінсіз болмақ. Қазақта "тал бесік" дейтін бесік түрі бар. Бала осы бесікте жатқан кезде тоңбайды. Суық алмайды, күн шалмайды. Жел, жын-жыбыр, құмырсқа деген секілді әртүрлі жәндік жоламайды. Ол көшіп-қонып жүргенде аттың алдына алып жүруге барынша ыңғайлы. Бала оянған кезде де анасы оны еш қиындықсыз емізе алады. Ең бастысы, шүмегі мен түбегінің арқасында бесіктің іші таза болады. Әжелеріміз осы күнге дейін бала денсаулығының мықты болуын осы бесікке бөлеумен байланыстырып келген еді", — дейді шебер Нұржан Ділмәнов.
Бесікке жатқан сәби рахит ауруына шалдығуы мүмкін
Ал 38 жылдан бері нәрестелерді емдеп келе жатқан медбике Алтынай Абдраманова бесікке жату бала денсаулығы үшін кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады. Әсіресе, тазалық мәселесіне келгенде көп қиындық тудырады.
"Уақыт өте келе бесіктердің құрылысы өзгеріп жатыр. Бірақ мен осы күнге дейін көрген бесіктерде нәрестенің кіші дәреті жайылып кете беретін еді. Осының салдарынан тазалық сақтау қиын болады. Ал туа салысымен тазалыққа үйренбеген сәбидің кейін де салауатты өмір салтын ұстана қоймауы ғажап емес. Себебі, соңғы зерттеулер бойынша баланың болашақ өмірінің қалай өтетіні тікелей бес жасқа дейінгі алған тәрбиесімен байланысты. Бұдан өзге бесікте жатқан баланың денесі дұрыс демалмай, қан айналым жүйесінің жұмысы бұзылады", — деді медбике.
Сондай-ақ, маман бесікте жатқан сәбидің көп терлейтінін және осының салдарынан рахит ауруына шалдығуы мүмкін екенін айтып өтті. Кей жағдайда, тіпті, сәбидің миы шайқалуы мүмкін.
Ал 11 құрсақ көтерген Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылының тұрғыны Оразхан Сатымханова тоғыз қызының барлығы бірдей бесікке жатпағанын айтады. Мұның пайдасы мен зияны да болған екен.
Тағы оқыңыз: Нәрестеге мұсылманша ат қоярда нені ескеру керек?
"Біздің заманымызда таңдау мүмкіндігі аз болды. Тіпті, осы 11 баламның бәрі бір бесікте жатты десем, өтірік айтпайтын шығармын. Бірақ арасында бесікке жатпай қойып жылағандар да болды. Жалпы бесікке бөлеу сәбидің физиологиясына әсер ететініне сенімдімін. Себебі, бесікке жатқан перзенттерімнің аяғы түзу, шүйдесі жапыраңқы келген. Кейде бесікке жатпаған қыздарым "Мені неге жатқызбағансыз? Жатпағанымның кесірінен бұтым қисық" немесе керісінше жатқандары "Менің шүйдем жоқ. Басым жапырайып тұрады" деп әзілдеп ренжиді. Кез келген нәрсенің екі жағы болатындай бесіктің де пайдасы мен зияны болады, — дейді кейуана.
Заманына қарай адамы демекші, өнертапқыштардың да еңбегі жаңа заман техникасымен үйлесіп жатыр. Бірнеше жыл бұрын Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Серікбол Шәймардан электронды бесік ойлап тапты. Кейін уақыт өте келе өнертапқыш жасап шығарған ерекше бесіктің заманауи нұсқалары жасалғаны белгілі болды. Серікбол Шәймардан SmartBesik-тің жаңа 4 vip нұсқасы көпшілікке таныстырған болатын.
"Қазақы нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген заманауи бесік жасауды көптен бері ойлап жүрдім. Осы ойыма жан бітуіне АҚШ-тағы қандас бауырымыздың тапсырыс беруі себеп болды. Ол сәбиіме барынша жайлы, әрі осындағы шетелдіктерге мынау қазақтың бесігі деп көрсетуге әбден лайық болсыншы деп өтінген еді", — дейді Серікбол Шәймардан.
Бүгінде Қазақстан нарығында бесіктің түр-түрін кездестіруге болады. Шебер Нұржан Ділмановтың айтуынша, бесіктің бағасы 16 мың теңгеден басталып, жарты миллионға дейін барады. Бағасы тікелей ағаш сапасы мен қалай безендірілетіне байланысты.
Ал Сіз оқырман, қалай ойлайсыз? Бесікке бөлеу бала денсаулығы үшін пайдалы ма? Әлде керісінше зиян ба? Өзіңіз бесікке жатқансыз ба?