АСТАНА, 7 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Қасиетті Успен кафедралдық соборына барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Бүгін бүкіл Қазақстан, барлық конфессиялар мен этностардың өкілдері осы мейрамды атап өтіп жатыр. Бұл мереке мейірімділік пен бақ-берекенің символы саналады. Осы күні ескі өкпе-реніштер ұмытылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, дұға оқылады", — деді Қазақстан президенті.
Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекетіміздің этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту жөніндегі жұмыстарды жүргізіп жатқанына тоқталды. Президент Қазақстан бірліктің арқасында экономикада және халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде зор жетістікке жеткенін атап өтті.
"Мен егемендік жылдары ішінде православ христиандарының қолдауын сезіндім, сол үшін сіздерге ризашылық білдіремін", – деді Назарбаев.
Тағы оқыңыз: "Қан төгіп жатыр". Елбасы әлемдегі діни ахуалға алаңдаушылық білдірді
Мемлекет басшысы Қазақстанның бірлік пен бейбітшіліктің арқасында ғана жаңа табыстарға қол жеткізетінін айтты.
"Біз достық пен өзара түсіністікті, бір-бірімізге деген сенімді нығайтуға бағытталған саясатымызды жалғастыратын боламыз. Осындай бастамамамен ғана алға ілгерілеп, болашақ ұрпақтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасай аламыз", – деді Назарбаев.
Соңында Қазақстан президенті Православ шіркеуі рухани-мәдени орталығының дін жолында құрбан болғандар мен дін таратушылар музейінің экспозициясын аралап көрді.