АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik. Астана полициясы Байтұрсынов және Аманжолов көшелерінің қиылысындағы жылы аялдаманың шыны есігін сындырып кеткен жас жігітті іздеп жатыр.
Оқиға екінші қаңтарға қараған түні болған. Полиция департаментінің баспасөз қызметі қазір құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Қазір аялдаманың ішінде жазылған видео арқылы ер адамның кім екенін анықтап жатырмыз. Сотқа дейін тергеу жүргізіліп жатыр, іс-әрекет "Бұзақылық" бабы бойынша қарастырылуда", — деп хабарлады елорда полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова Sputnik Қазақстанға.
Аялдама шынысын сындырған ер адамның қайда екені жайлы қандай да бір ақпарат білетін қала тұрғындары полицияның кезекшілік бөліміне хабарласа алады: 8 7172 972888, 972889.
Елорда әкімдігі сайтының мәліметінше, өткен жылы Астанада 55 жылы аялдама орнатылды.