АСТАНА, 2 қаңтар — Sputnik. Астана қаласының жас тұрғыны Камилла Шоқанова түнгі клубтарға кірерде қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді.
Бойжеткен балалар церебралды сал ауруына шалдыққан. Психологиялық денсаулығы жақсы болғанымен, жүрісінде ерекшелік байқалады.
"Мені бірде-бір түнгі клубқа кіргізбейді. Бұл шағым емес. Бар болғаны болып жатқан жағдайға сіздердің назарларыңызды аударғым келеді! Орнымда кез келген адам болуы мүмкін еді. Мені маскүнем деп атап, күлкіге айналдыратынына етім үйреніп кетті. Бірақ бәрібір де барлық клубтың әкімшілігіне назар аударуға шақырамын", — деп жазды Камилла өзінің Facebook парақшасында.
Камилла билегенді жақсы көретінін және шетелдегі түнгі клубтарда сал ауруына шалдыққан қонақтарды бөліп-жармайтынын айтып өтті.
Астана қаласындағы барлардың біріне оны ішімдік ішіп алғансың деп кіргізбей қойған.
"Маған "Бүгін сізге біздің ғимаратқа кіруге тыйым салынды" деп айтты. Мен "Неге?" деп сұрадым. Маған "Сіз массыз" деп жауап берді. Кейін өзімнің ішімдік ішпегенімді, сал ауруына шалдыққанымды түсіндіруге тырыстым. Иә, сайтан алғыр! Мен де тірі адаммын және билегім келеді! Сал ауруына шалдықтым, биік өкшелі аяқ киімдер кимеймін. Маған биік өкшелі аяқ киімдер ұнайды. Бірақ оларды киіп би билеу мүмкін емес. (…) Бар болғаны барлық клубтың әкімшілігі қонақтарға дұрыс қарым-қатынас танытқанын қалаймын. Лос-Анджелестің және әлемнің ең үздік клубтарында болдым. Ол жақтарда ешкім сенің қандай аяқ киім кигеніңе қарамайды. Жігіттер, 12 сантиметрлік өкшесі бар туфли киіп, билеп көріңіздерші. Қиын ба? Біз ге де", — деп бөлісті Камилла.
Ол өзінің мүгедек екендігі туралы анықтаманы түнгі клуб қызметкерлеріне көрсеткен кезде олардың күлгенін айтады. Сондай-ақ, Камилла түнгі клуб әкімшіліктерін дресс-кодтан бас тартуға шақырды.
Автор желідегі жазбасымен қоса өзінің суретін бөлісіп, тұсына "мүсәпір" емес, бар болғаны белгілі бір ерекшеліктері бар адам екенін және ел қатарлы би билегісі келетінін жазды.