Қоғам

Мамандар ата-әженің қолында өскен баланың болашағы қандай болатынын айтты

CC0 / KAWILSON / Ата мен әже немерелерін құшақтап отыр
Ата мен әже немерелерін құшақтап отыр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақ қоғамында дәстүр бойынша ерлі-зайыпты отбасында дүниеге келген тұңғыш баланы ата-әжесіне береді. Егер ерлі-зайыпты жасы үлкендермен бір шаңырақ астында тұрса, онда сәби көп ұзамай ата-әжесімен бірге ұйықтап, солардың ұл-қызы саналады

АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Ата-әжесінің немересіне қаншалықты қамқор болғанына қарамастан, сәби психикасына әке-шешесінен ажырау өте ауыр тиеді. Қазақтың "Әженің сары майы ананың қара шайына татымайды" деген мақалы құдды осы жағдайды сипаттап тұрғандай. Мұндай сәбилер ересек өмірде шылым шегіп, тамақты көп жейтін болады. Сондай-ақ, бойынан шыдамсыздық, ынжықтық сынды қасиеттерге орын табылады. Бір нәрсені беру немесе алу мәселесіне келгенде қатты қиналады.

Қалай десек те, алғашқы объект — ананы басқа біреудің алмастыруы сәбидің жан-дүниесіне белгілі бір өзгерістер алып келеді. Осы орайда мамандар тұңғышты ата-әженің тәрбиесіне берудің оның болашақ өміріне қалай әсер ететінін айтып берді.

Әкесі қызының бетінен сүйіп тұр - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі қандай?
"Бізге емделуге әртүрлі себеппен келсе де, анализ нәтижесінде аурудың себебі бір екені анықталып жатады. Ол — сәбидің анасынан ерте ажырауы және осыған байланысты анасына ренжуі. Көп жағдайда осы реніштің астарында анаға деген сағыныш жатады", — дейді Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова.

Ата-әженің қолында тәрбиеленген баланың қиындықтары негізінен оларды шектен тыс еркелетіп, қалауының барлығын орындауында болып отыр. Орталық Азиядағы психоанализ институты жүргізген сауалнама барысында ата-әженің баласына ешкімнің (туған әке-шешесі, бауырларының) ұрысуға, сын айтуға құқығы жоқ екені белгілі болды. Сондай-ақ, жақсының барлығы соларға беріледі.

Тағы оқыңыз:

"Ата-әженің баласы мұндайда өзін өзгелерден артық сезінгенімен, бұл қарым-қатынастың сыртқы көрінісі ғана. Мысалы, кейбір клиенттер ата-әжесінің "төбесінде" отырып шай ішкендерін еске алады. Мұндай шектен тыс еркелету олардың психоэмоциялық дамуына белгілі бір дәрежеде әсер еткені сөзсіз. Осылайша олар даму кезеңінің келесі сатысына өтпей қалады. Десе де, әр сәбидегі қиындықтың себептері түрліше болуы мүмкін", — дейді астаналық психоаналитик Светлана Мергенбайқызы.

Ата-әже қолында өскен бала сүйікті іс пен дос табуда қиналады

Сауалнама мен психолог, психоаналитиктердің консультациясы кезінде ата-әже балаларының туған бауырларына қызғанышпен қарап, өздерін іштей кем сезінетіні белгілі болған. Сондай-ақ, ата-әженің қолында тәрбиеленген сәби ар, кінә және ұят сынды қасиеттерді шектен тыс жоғары қояды.

Жасы үлкендер баланың сезімталдығы мен жыныстық дамуына әсер етеді. Осы орайда, В. Е. Каган отбасы "сәбидің жанжыныстық мәдениетінің қалыптасуындағы фильтр іспеттес" деп айтып кеткен болатын. Ата-әже мен әке-шешенің жыныстық белсенділігі әртүрлі, яғни олардан балаға берілетін сезімдер де әртүрлі болып келеді. Осылайша ата-әже қолында өскен бала болашақ жар-жұбай таңдайтын кезде қиналып, отбасылық өмірінде көп кикілжің болуы мүмкін.

Анна Құдиярова, қазақстандық психоаналитик - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"Әйелдер де ұрады". Анна Құдиярова келіншектердің отбасында неге таяқ жейтінін түсіндірді
Ата-әже қолында өскен сәбилер туған әке-шешесіне қайтқанда тағы бір үлкен психологиялық жарақат алады. Ферберн адамның мұндай кезде ауыр депрессияға шалдығатынын айтады. Ал депрессия негізінен адамның өзіне қымбат бір жанды немесе нәрсені жоғалтуымен байланысты. Олай болса, қазақ тәрбиесіндегі тұңғыштардың екі мәрте өзі жақсы көретін адамнан ажырауы — ауыр психологиялық соққы. Психоаналитик мамандардың айтуынша, мектепке барарда ауылдан туған әке-шешесінің қолына қайтып келгенде жұмақтан қуылғандай әсер алады. Көп жағдайда жалғызсырап, мінезі тұйық болып өседі. Достары аз болып, сүйікті ісі жоқ болады.

"Мұны біз таратқан анкеталардағы жауаптар растауға көмектеседі. Респонденттердің көбісі "Сыныптастарыңызбен әлі күнге дейін достық қарым-қатынастасыз ба?" деген сауалға "Жоқ" деп жауап берді. Яғни адамның сәби шағында анасынан, кейін сәл өскенде әжесінен ажырауы қоғаммен араласуын, дос пен хобби табуын қиындатып жібереді. Сондай-ақ, осы зерттеулер нәтижесінде әже қолында өскен балалардың "шындығында туған ананың аялы алақанын армандайтыны" белгілі болды", — дейді алматылық психоаналитик Гүлжан Амангелдинова.

30 жасқа дейін отбасын құра алмаған Нұраддин мырза

Сондай-ақ, маман әже мен ананың осы кезде болып жатқан ішкі психикалық процестерін зерттеу де маңызды екенін атап өтті.

"Кейде әжелердің емшек сүті пайда болатын кездер кездесіп жатады. Әженің немересіне деген үлкен махаббаты ағзасында химиялық өзгерістердің жүруіне себеп болуы мүмкін", — дейді Гүлжан Амангелдинова.

Тағы оқыңыз:

Сондай-ақ, ата-әженің немесе туған ата-анасынан өзге адамдардың қолында тәрбиелену баланың ересек өмірде жар таңдауда қиындықтарға әкеліп соқтыратынын келесі мысалдан көруге болады:

Нұраддин мырза (есімі өзгертілді) — 30 жаста, қазақ, бойдақ. Ол әйелдерге сенуден қалғанының себебін анықтауға көмектесуді сұрап терапияға келеді. Бастапқы бірнеше сессияда өзі туралы айтты. Ес білгелі ата-әжесімен бірге тұрған. 23 жасында олар қайтыс болған соң, туған әке-шешесінің қолына келеді. Әкесімен жақсы қарым-қатынас орнатқанымен, анасымен әлі де тіл табыса алмай жүр. Анасы оған сүйікті қызына үйленуге тыйым салғаннан кейін ауылдан Алматыға кетеді. Үлкен қалада жүріп ол әртүрлі қызбен кездескен. Айтуынша, осы қыздардың барлығы да оны әртүрлі жолмен алдайды. Ақырында Нұраддин мырза олармен кездеспеуді ұйғарады. Енді оны "Әйел қауымының барлығы, расымен де, жаман ба? Әлде өзіне жақсы қыз жолықпай жүр ме?" деген ой мазалайды.

Әкесі мен қызы, бақытты отбасы - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Балаға күнде айтылуы тиіс 30 сөз
"Анасынан ажыратылған адамдар көп жағдайда пессимист, қызғаншақ, өзгелерге сенім артудан ада және басқаларды келемеждегенді ұнатады. Анализ барысында Нұраддин мырзаның әлі күнге дейін өзін ата-әжесіне беріп жіберген анасына ренжіп, әрекетін іштей сынап жүргенін анықтадық. Алғаш рет анасына реніші барын мектепке барарда сезген. Себебі, анасы мұғалім болғандықтан, өзін қайтарып алып, туған-әке-шешесімен бірге тұрамыз деп ойлаған. Клиентім үшін бүгінде әйелдермен қарым-қатынас құра алмай жүргеніне анасына деген реніш себеп екені үлкен жаңалық болды. Ұзақ емнің арқасында ол әйелдерге деген көзқарасын өзгертіп, олармен қарым-қатынасын дұрыстады", — дейді психоаналитик Анна Құдиярова.

Әже-ата қолында өскен 10 баланың 8-інде жақын дос жоқ

Осы тақырып төңірегінде АҚШ-та Ханс Гейгер 7 000 жұп арасында зерттеу жүргізді. Нәтижесінде адамдардың ересек шақта романтикалық қарым-қатынас құру білу қабілеттері 1 және 14 жас аралығында пайда болатыны белгілі болды. Ал жасөспірімдік шақтағы жағдайлар психикаға аса әсерін тигізе қоймайды. Егер осы нәтижені қазақ отбасыларға телитін болсақ, тұңғышты әжеге беру болашақта адамның отбасын құра алмауына, құрғанның өзінде ажырасып кетуіне әсер етеді.

Орталық Азиядағы Психоанализ институты жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша 10 зерттелушінің алтауы жақсы оқыған, екеуі — нашар, тағы екеуі — орташа. Он адамның бесеу бір реттен, біреуі — екі рет, тағы біреуі — үш рет ажырасқан. Осылардың ішінде үш адам екінші рет отбасын құрса, үш адам бірде-бір рет отбасын құрмаған. Сауалнамаға қатысқан 10 адамның 8-інде мектептен келе жатқан достар жоқ. Яғни ата-әженің қолында тәрбиеленген бала өзінің бар назарын туған ата-анасына аударып өтеді. Үнемі "Олар мені неліктен ата-әжеме берді? Неліктен мені қайтарып алды?" сынды ойдың жетегінде жүреді.

Алматылық ананың өкініші

Алматылық төрт баланың анасы Гүлім Абдраманова, расымен де, тұңғышты ата-әженің қолына берудің оның болашақ өміріне айтарлықтай әсер ететінін айтады.

"Тұңғышым бүгінде 34 жаста болғанына қарамастан, әлі күнге дейін отбасын құра алмай жүр. Жыл сайын туған күні таяп қалғанда әзіл-қалжың араластырып "Қашан отбасын құрасың? Сүйіктіңді ертіп келмесең, өзіміз біреуге күштеп үйлендіреміз" деп айтамыз. Бұрын іштей келініміз қандай болар екен, әйтеуір, жақсы жердің қызы бұйырса екен деп армандаушы едік. Қазір әйтеуір отбасын құрсыншы деп тілеп жүрміз. Іштей бізге реніші бар екені сөзсіз. Бірақ, бұл туралы ешуақытта ашылып сөйлесіп көрмеппіз. Арамызда ана мен бала арасындағы қарым-қатынас жоқ. Бөтен адамдар сияқтымыз. Құдды туған ұлым емес, қайын інім сияқты. Бүгінде әрбір баланың анасының осындай қадамға баруға мәжбүр болатынын түсінсе екен деймін. Әсіресе, әкесі үйдің үлкені болған кезде", — дейді Гүлім Абдраманова.

Алматылық ана уақытты кері қайтару мүмкіндігі болса, баласымен көбірек уақыт өткізуге тырысатынын айтады. Сондай-ақ, ол тұңғышының басқа балаларына қарағанда, ұқыпты, ұл бала болғанына қарамастан, үй шаруасына келгенде тиянақты екенін жеткізді. Мұның барлығы ата-әжесінің оны тазалыққа үйретуінің арқасы деп отыр.

Ал, Сіз құрметті оқырман, ата-әженің қолында өсу баланың болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Мамандар зерттеуінің нәтижесімен келісесіз бе?

Жаңалықтар
0