АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. 24 желтоқсанға қараған түні Ақтөбе тұрғынын аяусыз соққыға жыққан бір топ жігіт ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды полиция департаменті.
Қылмыс Ақтөбедегі 12-ші шағын аудандағы көппәтерлі үйлердің бірінің қасында болған.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода бір топ жігіт қолына түскен нәрсені алып, көшеде келе жатқан адамға тап береді (жәбірленуші Ақтөбе тұрғыны кадрға түспей қалған). Бұзақылар бөтелке, құрылыс қоқысы, орындықпен де ұрады, бірнеше мәрте пышақ салған.
Видео үш минутқа созылады. Бірақ бір топ жігіт аяусыз ұрып-соғуын одан әрі жалғастыра берген. Әсіресе бойы ұзын жігіт, пышақ ұстап, қайта-қайта жәбірленушіге тап береді.
Оқиға орнына бірден патруль жасақтары жіберіліп, жолда бұзақы топтың ең белсенділеріне бағыттама алған.
"Сазды аумағы бойынша жасақтар… Азиат жігіт, бойы шамамен 175 сантиметр, құлақшын киген" – деп хабарлады кезекші.
Ішкі істер министрлігі болған жайтты растап, полицияның жедел әрекеті арқасында бұзақылардың ізін суытпай ұсталғанын мәлімдеді.
"Адам өміріне қастандық жасаған күдіктілер қолға түсіп, уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды", — деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Көптеген пышақ жарақатын алып, денсаулығына ауыр зиян келген қала тұрғыны жақын маңдағы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның өміріне араша түсуде.