АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Денис Теннің сценарий бойынша түсірілетін фильмнің түсірілімі қаңтар айында басталады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кинорежиссер Тимур Бекмамбетов қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенмен қалай танысқанын айтып берді.
"Денис біздің BAZELEVS студиясы ұйымдастырған байқауда жеңіске жеткен еді. Оның жұмысы қызық болғандықтан, біз оны әңгімелесуге шақырдық. Мені оның жұмысы ғана емес, өзі де таңғалдырды. Сондай ашық, шынайы, жүзінен нұр төгіліп тұрған жан еді. Біз онымен кездесіп, фильмнің қашан шығатынын талқыладық", — деді Бекмамбетов Денис Тен қорының жұмысына арналған баспасөз мәслихатында.
Ол фильмнің түсірілімі келесі жылдың қаңтарында басталатынын атап өтті.
"Фильм ағылшын тілінде болады. Режиссерді Америкадан іздестіріп жатырмыз, фильмнің өзі де АҚШ-та түсіріледі. Менің түсінгенім бойынша, қорға Тимур Құлыбаев қолдау көрсеткен. Біз жоспар бойынша ілгерілеп келеміз", — деді Бекмамбетов.
Кинорежиссер фильм коммерциялық өнім емес, естелік ретінде түсірілуі керек екенін айтты. Сондықтан Денис Теннің жазып кеткен сценарийі қаз-қалпында сақталмақ.